Елімізден жалпы алғанда Түркияға 100 қазақстандық құтқарушы жіберілді
Кеше 40, бүгін 60 адам. Сонымен жалпы алғанда Түркияға 100 қазақстандық құтқарушы жіберілді. Олар жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсетеді. Иісшіл иттер мен арнайы құралдарды да ала кетті. Сондай-ақ аймақтарда дәрігерлер тобы жасақталып жатыр. Зардап шеккендерге көмектесуге олардың өздері бастамашы болған.
Қазақстандық құтқару тобы кешелі бері жер сілкінісінен зардап шеккендерді құтқару жұмыстарына кірісіп кетті. Тәжірибелі мамандардың әрқайсысы белгіленген жоспар бойынша қирандыларды тазартып жатыр.
Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:
-Біздің топ Ататүрік көшесіндегі екі нысанда жұмыс жасауда. Жағдай өте күрделі. Мына ғимарат толық қираған. Дегенмен оның астында адам қалған болуы мүмкін. Жергілікті мамандармен соны анықтап оларды аман алып шығу үшін жұмыс жасаудамыз.
Ал Астанадан түрік еліне аттанған екінші топ Газиантеп қаласындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қосылады. Олар жедел әрекет ету үшін авариялық-құтқару құралдарын өздерімен бірге ала кетті. Мұндай жабдықтардың саны — 150. Оған қоса дәрі-дәрмектің 160 түрі де арнайы бортқа тиелді.
Бұған қоса ел аймақтарындағы дәрігерлер Түркияға жәрдемдесуге ниет білдірген. Қазір Түркістан мен Ақтөбе облыстарында 19 дәрігерден құралған топ жасақталуда. Олардың бірқатары түрік және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Көбісі шетелде білім алып, тағылымдамадан өткен.
Әсия Тржанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
-Аурухананың мамандары алынды, біздің облыстық Денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары алынды. Осы мамандардың тізімі ҚР ДСМ жіберілді. Министрліктен шешім күтеміз. Біздің мамандар әзір.
Түркияға құтқарушылар тобының алғашқы легін жеткізген арнайы ұшақ бүгін 16 отандасымызды елге алып келді. Оған қоса Қырғызстан Республикасының екі азаматы да бар. Олардың бәрі Газиантеп қаласында болған. Арнайы борт түнде елорда әуежайына келіп қонды.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы