Түркияға 100 киіз үйдің алғашқы партиясы жеткізілді
Қазақстандық бастамашыл топ Қаһраманмараш қаласындағы ұлттық паркте қазақы үйді құрып та қойған. Олардың айтуынша, қалған 84 киіз үй кешке жеткізіледі. Қайырымды істің басы-қасында жүрген отандастарымыздың айтуынша, зілзала болған таулы аймақтың түні суық. Түнде -15, -20 градусқа дейін төмендейді екен. Сондықтан қосымша қазан-ошақ пен жылытқыш қондырғылар да жөнелтіледі. Түрік билігі алдағы уақытта бұл киіз үйлер ұлттық парктің ішінде этноқалашық ретінде қалатынын айтқан.
Нұрбек Бекбау, бастамашы топтың белсендісі:
- Өзіміз кеше түнде келе салып, осылай киіз үйлерді құрып тастадық және эксперименталды түрде осы киіз үйлердің ішінде жаттық. Кәдімгідей астымызға киіз төсеп, кілем төсеп, суық болды. Неге суық болды, өйткені қазан-ошақ жоқ. Бұйырса, негізгі партия келе жатыр. 84 киіз үй, 60 генератор, қазан-ошақтарымен. Яғни өмір сүруге бүкіл жағдайды жасап береміз де, халыққа ұсынамыз.