Халықаралық валюта қоры Украинаға қомақты қаржы бөлетін болды
Алдағы 48 айда ұйым Киевке 15 млрд доллардан астам несие бермек. Бұл бағдарламаның ерекшелігі кез-келген мемлекет донор ретінде Украинаға жәрдем көрсете алады.
«Халықаралық валюта қоры мен Украина арасында қол жеткен келісімді «тарихи шешім» деп бағалау керек», — дейді экономист Алексей Плотников. Себебі халықаралық қаржы қоры бұрын-сонды шиеленіс жүріп жатқан елге несие бермейтін. Алайда олар Украинаға қатысты өзінің несие саясатын өзгертті. Сөйтіп ұзақ күткен келісімге қол жетті.
Алексей Плотников, экономист:
-Украина алдағы жылдары шамамен 50 миллиард АҚШ долларын ала алады. Халықаралық валюта қоры елдің бюджет тапшылығы мен әлеуметтік саладағы проблемаларын ескеріп, осындай тарихи шешім қабылдады. Бұл Украинаны қайта қалпына келтіруге сеп болады деп ойлаймын.
Жыл соңына дейін көмек ақшаның көлемі 4,5 млдр долларды құрамақ. Бағдарламаның мерзімі төрт жыл, ал несиені өтеу кестесі он жылға бекітілді. Қаражаттың көп бөлігі әлеуметтік төлемдерді атқаруға бөлінеді. Ал Украина өз бюджетін қорғаныс саласын күшейтуге жұмсамақ.
Василий Фурман, экономика ғылымдарының докторы:
-Украина үшін бұл бағдарламаның саяси маңызы да бар. Өйткені халықаралық валюта қорының әлеуеті мен сенім деңгейі жоғары. Халықаралық қаржы ұйымдары үшін бұл келісім белгі ретінде қабылданып, Украинаға жан-жақты көмек жалғаса береді деп үміттенеміз.
Алексей Плотников, экономист:
-Бюджет тапшылығы өсті. Сырттан келген қаражат әлеуметтік шығындарды өтеуге бөлінеді. Өз ақшасын Украина қорғаныс саласына жұмсайды. Халықаралық валюта қорының басты талабы — гривнаның құнсыздануына жол бермеу және бюджеттің әр тиынын қатаң қадағалау.
Қомақты қаражат бөліп отырған халықаралық қор Украина билігіне бірнеше кезеңнен тұратын талаптарды алға тартты. Ресми Киев салық, сот саласындағы реформаны түбегейлі жаңартып, еуропалық үлгіге негіздеуі шарт. Атап айтқанда, 2023 жылдың бірінші шілдесіне дейін Украина салық жеңілдіктерінің күшін жою туралы заң жобасын әзірлеуге тиіс.
Авторы: Аида Қыдырбай