Алматының инновациялық жобасы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық байқауда үздік үштікке енді
Алматы қаласының инновациялық жобасы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық байқауда үздік үштікке енді. Марапаттау рәсімі Сеулде, Дүниежүзілік ақылды тұрақты қалалар ұйымының Ассамблеясы аясында өтті.
«Ақылды» жобалардың халықаралық байқауына әлемнің түкпір-түкпірінен 240 өтінім келіп түсті. Tech-InnovaCity номинациясында Алматы Жаңа Зеландияның Веллингтон, Мадрид және Лос-Анджелес қалаларымен бірге үздік үштікке енді. GEO-ANALYTICS.KZ платформасы Алматыда 2020 жылы, пандемия кезінде құрылған. Бұл шешім вирус таралуын бақылауға көмектесті.
Олжас Жаңабек, Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы:
-Осы жоба арқылы біз халықтың қозғалысын, көші-қон процестерін көреміз. Осының негізінде біз шешім қабылдай аламыз.
Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік ақылды тұрақты қалалар ұйымының Бас ассамблеясына қатысты. Алматы 160 қаланы қамтитын WeGO-ға 2020 жылы қосылды. Биылдың өзінде Қазақстанның ең ірі қаласында аталмыш бірлестіктің аймақтық кеңсесі ашылады.
Баян Қоңырбаев, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі:
-Кореядан, Америкадан жақсы компетенция кадрлық компетенциялар келеді. Одан басқа біз ақылды қала лаборатория ашайын деп жатырмыз. Үшіншісі өте жақсы пилоттар, жақсы жобалар ақылды қала бойынша біздің қалаға келеді.
Сеулдегі конференцияда 2026 жылы Алматыда Дүниежүзілік ақылды тұрақты қалалар ұйымының Бас ассамблеясы өтетіні белгілі болды. Бұл қаланың әлемге танылуын арттырады және ақылды технологияларды енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян