Президенттің тапсырмасымен қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанға аттанды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазақстандық құтқарушылар Ауғанстанға аттанды. Олардың қатарында республикалық жедел құтқару жасағының мамандарымен қоса, кинологтар мен дәрігерлер бар. Барлығы 45 адам мінген Ил-76 жүк ұшағы Алматы әуежайынан ұшып шықты. Бортта құтқару техникалары да бар. Еске сала кетейік, 7 қазан күні, Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында, қуаты 6 баллдан жоғары жер сілкінісі болған. Қалада 500 мыңға тарта халық тұрады. Табиғи апаттан 2 жарым мыңға жуық адам көз жұмып, мыңдаған адам жарақат алды. Үйлер қирады. «Қазақ құтқарушылары зілзала маңындағы 4 елді мекеннің тұрғындарына көмек көрсетеді»,— деп жоспарланып отыр. Оған қоса ертең ауған еліне гуманитарлық көмек жөнелтіледі.