Ұлыбританияда әлеуметтік желілер жүгенделеді
Ұлыбританияда әлеуметтік желілерді жүгендейтін жаңа заң қабылданды. Ол интернет қолданушыларын қауіпті контенттен қорғамақ. Өйткені телефонға телміргендер арасында өз-өзіне қол салушы жасөспірімдер көбейген. Алты жыл талқылаулардан кейін даулы заң қабылданды. Оған сай, балаларға қауіпті контент көрсеткені үшін платформалар жауапқа тартылады. Жануарларға қатыгездік таныту, есірткі және қару саудасы, терроризмді насихаттайтын фото мен видео өшірілуі тиіс. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілерде парақша ашуға тыйым салынады. Хат алмасуға арналған қосымшалар да жіті қадағаланады.
Қазақ ертегілері
Джордж Вашингтон Университетінің әйгілі Гельман кітапханасынан 1968 жылы ағылшын тіліне аударылған қазақ ертегілері табылды. «Дала ертегілері» кітабының авторы - америкалық зерттеуші Мэри Лоу Масей. Оны журналист Дүйсенәлі Әлімақын анықтады. Ол батыс және европа саяхатшыларының Орталық Азия мен қазақ даласына жасаған сапарлары мен еңбектері туралы көптеген мақала жазған. Биыл Вашингтонға бір жылға тағылымдамадан өтіп, зерттеу жүргізу үшін арнайы барған. Кітапқа «Қаңбақ шал», «Жыл басына таласқан хайуанаттар», «Алдар көсе мен бай» сынды 19 ертегі енген. Автор америкалық балақайларға түсінікті болуы үшін мазмұнына сай суреттер де берген.
Кітап жәрмеңкесі
Германияда атақты Франкфурт кітап жәрмеңкесі басталды. Кітапсүйер қауымға арналған ең көне көрмеге биыл - 75 жыл. Биыл 100-ге жуық елден 4 мың баспа өнім ұсынған. Арасында жалпы әдебиет, балалар шығармалары, электронды кітаптар, карталар мен көне қолжазбалар бар. Қазақстаннан 5 баспа барған. Олар Ыбырай, Шоқан, Абай сынды қазақ ғұламаларының мұрасы мен өмірі туралы кітаптарды таныстырды. Ұлттық нақышта бейнеленген кітаптарға сұраныс жоғары. Франкфурт жәрмеңкесі - оқырмандармен қатар қаламгер, баспагер, аудармашыларды бір арнаға тоғыстырған үлкен шығармашылық алаң.