Малайзиядағы отандастарымыз Республика күнін атап өтті
Ал Малайзиядағы отандастарымыз еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күнін атап өтті. Куала Лумпурдегі Қазақстан елшілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға ұзын саны 600-ден астам адам қатысты.
Салтанатты кешті Қазақстаннан арнайы шақырылған «Қорқыт» ансамблі Адай, Шашу, Құлагер, Балбырауын күйімен ашты. Бұдан бөлек, Димаш Құдайбергеннің Малайзиядағы жанкүйерлері қолдау көрсетіп, сүйікті әншісінің «Golden» әнін жанды дауыспен орындап берді. Солардың бірі малайзиялық Мазлифа Разак. Ол ұлы Абайдың шығармашылығына қызыға оқып жүргенін айтады. Ақынның «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін өз тілі бахаса-малайшаға аударған. Айтуынша, қазақ ғұламасының философиясымен Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы арқылы танысқан.
Мазлифа Разак, жергілікті тұрғын:
- Абайдың шығармаларын оқи келе, ол ғұлама, халқының қамын жеген, білімнің маңызын түсінген, данышпан адам болғанын білдім. Абайдың «Қара сөздері» түсінген жанға, әсіресе жастарға берері көп. Өз басым көп нәрсе үйрендім.
Қазақстан мен Малайзия қарым-қатынасы сауда-экономика саласында қарқын алып келеді. Осы қазан айының басында Малайзияның Пенанг штатында еліміздің Құрметті консулдығы ашылған. Қазақстанның Құрметті консулы Луис Нг мырзаның айтуынша, екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту - басты жоспарда.
Луис Нг, Қазақстанның Пенанг штатындағы құрметті консулы:
- Қазақстан аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы үлкен мемлекет. Ежелгі тарихы бар ел. Біздің еліміздің Қазақстаннан үйренері көп деп ойлаймын. Мысалы, менеджмент, цифрлық инновациялар бойынша болсын. Сондай-ақ Малайзияның да Қазақстанға берері жоқ емес. Бүгінгі мерекелік шараға келіп, қатысып отырғаныма қуаныштымын. Қазақ елін Республика күнімен құттықтаймын!
Қазақ-малай халықтарының мәдени ынтымақтастығы мерекелік көрме-жәрмеңкеде де үндестік тапты. Жиылған қонақтар ұлттық нақыштағы әшекейлер мен бұйымдарды тамашалап, қазақтың ою-өрнегіне қызығушылық танытты.
Авторлары: Назира Мырзахметқызы, Әмір Хайдаров