1 сағат 25 минут – Қытаймен шекарадағы тауарларды шығаруға қажетті уақыт
«1 сағат 25 минут». Қытаймен шекарадағы автомобиль өткізу пункттерінде тауарларды шығаруға кем дегенде осынша уақыт қажет. Қазан айында «Алакөл», «Қалжат», «Майқапшағай», «Тәжен» және «Темір баба» өткізу бекеттерінде жүргізілген зерттеу нәтижесі осындай. Орташа уақыт – 1 сағат 55 минут. Осы аралықта ветеринариялық, фитосанитариялық, карантиндік, радиациялық тағы басқа бақылау түрлері жасалады және кедендік декларациялау өтеді. Осылай уақытты айқындау әдетте сауда рәсімдерін оңайлату мақсатында жүргізіледі. Сондай-ақ 10 қарашадан бастап Қазақстан мен Қытай арасында туристік, кәсіпкерлік, іскерлік, ем алу және транзит мақсатында жүретіндер үшін қатынас жеңілдейді. Нақтырақ айтқанда визасыз режим іске қосылады. Қазақстандықтар көрші елде 30 күн бола алады. Өз кезегінде қытайлықтар да, біздің елде бір айға дейін жүруге құқылы.