Газа секторынан қазақстандықтарды эвакуациялау басталды
Газа секторынан қазақстандықтарды эвакуациялау басталды. Бүгін 44 азамат елге оралады. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, қазақстандықтар өткізу пунктінен кейін, Каирге автокөлікпен барып, қонақүйге, кейін елге жеткізіледі. Ресей, АҚШ, Иордания, Испания, Швеция, Ресей, Перу мен Марокко елдері де азаматтарын эвакуациялауға кіріскен. Сондықтан «Рафак» бекетінен бүгін бас-аяғы 594 адамды өткізу жоспарланып отыр.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
-Қазіргі таңда қазақстандық дипломаттар Каирден «Рафак» пунктіне жолға шығып, бір сағат ішінде сол жерге жету керек. Жеткеннен кейін сол жерде Мысыр биліктерімен бірлесіп, Палестина - Газа секторының билігімен бірлесіп, тізімдердің барлығын қайтадан тексеріп, азаматтарымызды Газа секторынан шығарудың әрекетін жасайды. Күн батқанша сол іс бітеді деп жоспарлап отырмыз.