Түркиядағы отандастарымыз белсенді дауыс беріп жатыр
Шетелдегі референдум учаскелерінің ең ірілері Түркияда орналасқан. Туыстас жұртта дауыс беру үрдісі қалай өтті?
Меруерт Қанағат, тілші:
- Бізде сағат 18:00. Таң сәріден бері Анкарадағы №418 референдум учаскесінен хабар таратып отырмыз. Таңғы 07:00-ден бері елшілікке келіп дауыс беріп жатқан адамдар көп келді. Жексенбі күні болғанына қарамастан дауыс берушілердің белсенділігі жоғары. Әсіресе жастар көп. Бірі қазақ батыры секілді келсе, екіншісі ұлттық домбырамызбен аяқ тіреді. Елшілік те басқа қаладан келген қаракөз жастарымызға ыстық бауырсақ, тамақ пен тәтті дайындап қойыпты. Жалпы референдум учаскесінде қанша адам дауыс берді? Заңбұзушылықтар тіркеліп-тіркелмегенін комиссия төрағасынан сұрап көрген едік. Назарларыңызға ұсынамыз.
Асқар Төлепберген, №418 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Таңғы 07:00-де басталған референдум учаскесінің жабылуына 2 сағаттай уақыт қалды. Қазірге дейін тіркелген 1236 дауыс берушінің шамамен 1000-нан астамы азаматтық құқығын қолданды. Дегенмен әлі уақыт бар. Бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін. Референдум учаскемізде кез келген заңбұзушылық тіркелген жоқ. Бәрі қалыпты жағдайда өтті. Тап осылай Ыстамбұл мен Анталиядағы Бас консулдығымыз жанынан ашылған учаскелердің жұмысы қалыпты жалғасып жатыр.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Жалпы Түркияда үш референдум учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстамбұл мен Анталия қалаларында орналасқан. Шамамен үш мыңнан астам азамат тіркелген. Тап осы үш жерге Түркиядағы 81 провинцияда оқитын яки тұратын азаматтарымыз келді. Олардың басым бөлігі осында білім алушы жастарымыз, халықаралық ұйым және дипмиссия өкілдері, азаматтарымыз.
Шұғыла Елемесова, студент:
- Біз үшін Қазақстан алдындағы борышымыз өте маңызды. Яғни бұл референдумға келу себебіміз, біздің де даусымыз есептелсін. Біздің де Қазақстанға үлесіміз қосылсын деген үмітпен келдік.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Учаске жұмысы барлық талапқа сай ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да бар жағдай жасалған. Тіпті отбасымен келіп, дауыс беріп жатқандар да бар. Еске сала кетейік, Анкарада референдумда дауыс беруге 1236, Ыстамбұлда 1327 және Анталияда 610 кісі тіркелген. Референдум комиссиясының айтуынша, қазірге дейін тіркелгендердің басым бөлігі азаматтық құқығын қолданған.