Шетелдегі референдум учаскелерінде дауыс беру қыза түсті
Шетелдегі референдум учаскелерінде дауыс беру қыза түсті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Сан-Францискода дауыс беру енді ашылса, оннан астам мемлекетте олар жұмысын аяқтаған. Елден жырақта қанша отандасымыз дауыс берді?
Берік Дүйсенбай, тілші:
-Дәл қазіргі сәттен бастап еліміздің барлық өңіріндегі учаскелер жабылады, сәйкесінше дауыс беру тоқтатылады. Осыған орай Орталық референдум комиссиясында қазір брифинг басталып жатыр. Дауыс берушілердің келуі бойынша ақпараттар бір сағаттан соң мәлім болады. Айта кету керек, еліміздің аумағынан тыс алыс-жақын, шет мемлекеттердегі дауыс беру орындарының дені жұмыстарын жалғастыруда. Қазір шетелде 13 учаске жабылды. 60 учаскеде дауыс беру әлі жүріп жатыр. Кешкі сағат 19:00-ге дейінгі жағдай бойынша шетелде 7358 адам дауыс берді. Қатысу көрсеткіші 60% жуық. Еске сала кетейік, 59 мемлекетте 74 референдум учаскесі құрылған болатын. Жиыны 12 мың 300 ден аса отандасымыз дауыс беруі тиіс. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко еліміздегі бірқатар халықаралық байқаушылардың жұмысынан мәлімет берді.
Шетелдегі жағдай әзірге осындай, ал елде халықтың келу көрсеткіші бойынша нәтижелері сағат 21:00 де өтетін брифингте белгілі болады. Тізімдегілердің қаншасы референдум учаскелеріне келіп, өз ұстанымдарын білдіргені турасында қазір ақпарат жоқ. Еске сала кетейік, түнгі сағат 12:00 де Exit pool алғашқы нәтижелері жарияланады.