Хабар телеарнасы

Қытайда «Трами» тайфуны үдеп барады

Қытайда «Трами» тайфуны үдеп барады. Теңіз дауылы елдің оңтүстік бөлігін жайпап тастады. Табиғи апат салдарынан мектеп, балабақшалар жұмысын тоқтатты. Әуе, теміржол қозғалысы шектеліп мыңдаған тұрғын эвакуацияланып жатыр. Тасқын шайып кеткен елді мекендерде құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тарми тайфуны Хайнань провинциясында тоқтаусыз соғып тұр. Бұл Қытайдың туристер ең көп саяхаттайтын аймағы. Теңіз дауылынан әуе, теміржол рейстері кейінге шегерілді. Мыңдаған жолаушы діттеген жеріне жете алмай отыр. Ал жергілікті қалалар мен елді мекендерді топан су басты. Кейбір бөлігінде электр бағандары үзіліп, жарық пен байланыс үзілген.

Мо Сицянь, жергілікті құтқару станциясы басшысының орынбасары:

-Судың қарқыны қатты. Қала ішіне кірген су деңгейі 3 метрге дейін жетеді. Қазір арнайы бригадалар әрбір үйді аралап, құтқару шараларын жүргізіп жатыр. Жаңа ғана жоғалғандар қатарындағы 14 адамды тауып шығардық. Бұл төтенше жағдай. Судың ағысынан құтқару қайықтарымен қозғалу қиынға соғып тұр.

Жергілікті билік адамдарды аман сақтап, шығын артып кетпес үшін барлық күштік құрылымдарды жұмылдырған. Метеорологиялық орталықтың бұған дейін таратқан ауа райы болжамы іс жүзіндегі жағдаймен сәйкес келмей аймаққа қауіп төнді. Линьшуй уездінде бірнеше күн бойы толассыз нөсер жауып, жолдарды шайып кетті. Жүздеген тұрғын үй су астында қалды. 49 су қоймасы лық толып тасуға шақ тұр. Қазір барлық су қоймаларынан жедел түрде су тасталып жатыр.

Го Сы, Фувань су қоймасының басқарма басшысы:

-Ресми дерекке сәйкес, жиналған судың көлемі 84,8% жуықтады. Бұл көрсеткіш қалыпты жағдайдан әлдеқайда көп. Құйылып жатқан судың мөлшерін есептеп шығардық. Қарқыны қатты. Қазір жиналған суды шұғыл түрде тастап жатырмыз. 

Ең қатты зардап шеккен Санья шаһары. Қала әкімшілігі қауіптің қызыл деңгейін жариялап, білім ошақтарының жұмысын тоқтатты. Мектеп және балабақша қызметкерлері тасқынға қарсы күрес шараларына тартылған. Синоптиктер тайфунның қарқыны жақын күндері бәсеңдемейтінін ескертті.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын