Хабар телеарнасы

АҚШ-та Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ мәдени-ағарту орталығы ашылады

АҚШ-тың Мэриленд штатында қазақ әдебиетінің алдаспаны Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ мәдени-ағарту орталығы ашылады. Силвер-Спрингс мекеніндегі жазушының үйі алдағы 3 жылда руханият орталығына айналдырылмақшы. Бұл жайлы қаламгердің туған күніне орай өткізілген жиында жазушының ұлы Едіге Мағауин хабарлады. Жобаның таныстырылымына АҚШ-тағы қазақ диаспорасы, сонда білім алып жүрген жерлестеріміз қатысты. Олар жазушының жазбалары мен күнделігін және жеке кітапханасында сақталған мол мұрағатымен танысты. Естеріңізге сала кетейік, Мұхтар Мағауин биыл 9 қаңтарда 85 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді.

Едіге Мағауин, Мұхтар Мағауиннің ұлы:

-Бұл алдағы уақытта атамыздың жаңағы 100 жылдығы тойланатын кезде бұл жер расында мұхиттың бер жағындағы Америкадағы қазақтардың бас қосатын, қазақтығын сезінетін, тамырын танитын, болашағын меңзейтін бір қазақтың мәдени-ағарту орталығына айналу керек. Әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырамыз деп ойлап отырмын. Бұл жерде қазақ тілін оқыту курстарын ұйымдастыру жоспары бар. Қалай болғанда да бұл жер, осы мына көрдіңіз, әкеме ұнаған жер болатын, тұрған жері де, үйдің ішіндегі атмосфера да. Сол алдағы уақытта қазақ руханиятының орталығына айналуы керек деп ойлаймын.

Азамат Дүйсенбаев, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің департамент директоры:

-1971 жылы жаңағы кісінің жазғаны одан кейін 1980 жылы жазғаны, күнделіктері бар екен. Өзінің сиясымен отырып жазған. Мен соны көзбен көріп, сол кездегі сол кісінің толғанысы, сол кісінің қандай жағдайда отырып жазғандығы, кішкене болса да елестетуге тырыстым.