Елордада Astana Media Week 2025 форумы басталды

  • 8
  • 05.11.2025, 19:59

Елордада БАҚ өкілдерінің басын қосқан Astana Media Week 2025 форумы басталды. Үш күн бойы қатысушылар журналистиканың болашағы, жасанды интеллект дәуіріндегі медиа, ұлттық контенттің дамуы тақырыптарын талқылап, саладағы өзекті мәселелерді шешу жолын ұсынбақ. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші: 

- Биылғы форумға бұқаралық ақпарат құралдарының мыңнан аса өкілі қатысуда. Басым бөлігі қазақстандық телеарна, радио, газет-журналдар қызметкерлері. Сондай-ақ 65 спикер сөз сөйлейді. Олардың арасында сала сарапшылары, тәуелсіз журналистер, Орталық Азия елдері мен Европа, Қытай және Әзербайжаннан келген әріптестеріміз бар. 

Биылғы іс-шара «Ұлтқа қызмет ету – медиа миссиясы» тақырыбы аясында өтіп жатыр. Елімізде мыңнан астам телеарна, баспа және цифрлық БАҚ, ақпарат агенттіктері мен желілік басылымдар жұмыс істейді. Іс-шара барысында дәстүрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арасындағы бәсекелестік те назардан тыс қалмады. 

Бибігүл Құламан, Astana Media Week ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Медиа апталықтың негізгі идеясы, мақсаты – журналистиканың негізгі, миссиясы – ұлтқа қызмет ету. Сонымен қатар медиа этика және бүгінгі күні дәстүрлі медиа мен диджитл медианың әріптестігі. Яғни дәстүрлі медиа мен диджитл медиа бір-біріне бәсеке болмау керек. Бір-бірімен әріптестікте бола отырып, отандық медианы дамыту керек. 

Медиа саласында жасанды интеллектті қолдану мәселесі де айтылды. Сарапшылар тың технологияны көмекші құрал ретінде ғана қолдануға болатынын жеткізді. Себебі шынайы ақпарат таратуда оның адамды ауыстыра алмайтыны анық.

Денис Локтье, Euronews телеарнасының халықаралық тілшісі (Франция):

- Жасанды интеллект жаңалық жеткізуде адамды басып оза алмайды. Себебі ол оқиға орнына бара алмайды, жұрттың пікірін біліп, саралауға қауқарсыз. Оған қоса  Chat GPT мен өзге де жүйелер жиі жаңылысады. Кейде шындыққа жанаспайтын ақпарат, дерек, сандар береді.

Қамбар Ахметов, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары:

- Әсіресе дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары үшін өзекті болып тұр. Біз газеттің өкілі болғандықтан, осы мәселе бізді жиі ойлантады. Қалай болады? Көпшілік әрине, басында алғашқы нөпірмен бұл жасанды интеллект келді, журналистер қажеті жоқ деген пікір жиі айтылып жүр. Бүгінгі жиында, алғашқы сессияда бұл тұжырымның қажет екенін біз өзіміз көз жеткіздік.

Қазір жасанды интеллект элементтері телеарналар мен радиода еніп келеді. Бұл ретте тың жобалар да бар. 

Қанат Ысқақов,  ҚР Мәдениет және қпарат вице-министрі:

- Ерекшелігі неде? Ең алдымен тақырыпта. Қазіргі таңда заманауи жасанды интеллект, цифровизация заманында журналистиканың қандай мәселелері бар, фейк таратуға қарсы қою, я болмаса манипуляция үрдістеріне қарсы қою мәселелері талқыланды. Біздің шетелдегі әріптестеріміз келіп, өздерінің тәжірибесімен алмастық. Біздің отандық журналистика бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді және біздің министрлік реттеуші орган ретінде қандай шешімдер қабылданады және қай бағытта жұмыс жасайтынын міндеттер айқындадық. 

Astana Media Week апталығы биыл 9-шы рет өткізіліп отыр. Әрі бұл бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы өзекті мәселелер арқау болатын Орталық Азиядағы ең үлкен алаң. Үш күн ішінде 8 панелдік сессия, 7 шеберлік сабағы және кино мен деректі фильм түсіретін мамандарға арналған дәріс өтеді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбай