Туған өлкені өркендететін түлектер

  • 4
  • 29.12.2025, 18:46

Мемлекеттік грантқа ие болған студенттер алғашқы семестрді аяқтады. 

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов Шымкентте педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттермен кездесті. Олардың оқу үлгерімі мен әлеуметтік жағдайымен танысып, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Оның айтуынша, мемлекеттің осындай қолдау көрсетуі — оларға деген үлкен сенімнің айғағы.

Асхат Оралов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Маңғыстаудан шыққан мектеп түлектері қазір 18 мың бала басқа өңірлерде, дүниежүзінде білім алуда. Біз тек қана мұнайшы ретінде емес, ертең мұғалім ретінде жұмысқа кірісетін, экономикамызға үлесін қосатын болашақ мамандар осы жерде оқудан-тәжірибеден өтсін деген ниетпен жасап жатқан қадамдар негізі. 

Биыл Маңғыстау өңірінің 19 түлегі мақсатты білім грантына ие болды. Олардың басым бөлігі педагогикалық саланың оқу бағдарламасымен қатар қосымша дағдыларын жетілдіруге көңіл бөлген. Сала мамандары кәсіби шеберлігін арттыруға ынталы жастардан зор үміт күтеді. 

Әлібек Нұртаев, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы:

- Бірінші семестрді аяқтады. Барлығы 4-5-ке оқыды. Білім үйірмесі, тіл үйірмесі, спорт үйірмелері бар. Оның барлығына қатысып жатыр. 

Алдағы уақытта пилоттық жоба аясында білім гранттарының саны артуы мүмкін. Бұл өңірдегі педагог мамандардың тапшылығын жойып, ауыл мектептерін жас кадрлармен қамтуға ықпал етеді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов