Ақтөбелік жас ғалымдар жасанды интеллект элементтері енгізілген жаттықтырушы ойлап шығарды. Адам дене жаттығуын жасаған кезде, автоматты жүйе орындау техникасын бақылап, іс-қимылға баға бере алады. Әуесқой спортшының қатесін түзеп, ақыл-кеңес береді. Мамандар бұл заманауи құрылғыны болашақта спорт залындағы нұсқаушылардың орнын басады дейді.
Залдағы жаттығу құрылғыларымен бір жүйеге тоғыстырылған «ақылды жаттықтырушы» әуесқой спортшылар үшін таптырмас көмекші- дейді мамандар. Жасанды интеллект адамның қимыл-қозғалысын бақылап отырады. Арнайы бағдарлама орындау тәртібін қадағалайды. Нұсқау беріп, кеңес айтады
Кирилл Пилипенко, Қ. Жұбанов атындағы университеттің студенті:
- Камераны адамға бағыттаған кезде бағдарлама жаттығулардың дұрыс орындалуын бақылайды. Егер мінсіз орындалса есептеп, егер қате жіберген болса дауыстап қатесін айтады. Жаттығуды қалай орындау керектігін де айта алады.
Бағдарламаны қолдану үшін, сауалнамаға жауап беру қажет. Адамның бойы мен салмағынан бөлек аптасына неше рет спортпен шұғылдануға дайын екенін анықтап алады. Артық салмақтан арылу немесе спортпен кәсіби шұғылдану туралы ойын біледі. Сонан соң белтемір мен қоссырық, ауыр атлетика снарядтарына жекелеген кесте асақтайды.
Әділжан Кереев, информатика және ақпараттық технологиялар кафедрасының доценті:
- Үш нұсқа түрінде дайындалады. Бірінші кәсіби түрде. тренажерлық кешен бар. Соған енгізіледі. Онда камера арқылы жұмыс істеп дәлірек анықтайды. Одан кейін тек қана алдында тұрған планшеттің камерасымен түсірілетін бар. Бұл жалпы қолданушыларға. Одан кейін тағы бір нұсқасы мобильді приложение ретінде. Яғни тренажердың өзінің смартфонды ұстағышы бар. Соған смартфон арқылы пайдалануға болады.
Қазір мамандар бағдарламаны сынақтан өткізіп жатыр. Бұрын спортқа қызықпаған жандарға арналған нұсқамалық сабақтар да жазылады. Өңірлік университет өкілдерінің бұл жобасына спорттық құрал-сайман шығаратын жергілікті кәсіпкерлер қызығушылық танытты. Жасанды интелект негізіндегі жаттығу құралын бірге өндіруді ұсынған.
Дмитрий Улитин, кәсіпорын жетекшісі:
- Көп адам тренажермен қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді. Турникке қалай тартылу керек екенін. Соның себептерінен кейбір жағдайлар болады. Мысалы травма алады. Соны болдырмау үшін осындай шешімге келдік. Проблема болғасын. Бұл өнімді үйде қолданады, фитнес жаттығуында қолданады. Неше түрлі спорт кешендерінде қолдануға болады.
Университет оқытушылары мен студенттер жасанды интеллект негізіндегі жаттықтырушы бағдарламасын жазуға шамамен жарты жылға жуық уақыт жұмсаған. Ал, дайын өнімді нарыққа қыркүйек айында шығаруды көздейді.
Авторлар: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов, Ақтөбе.