Бұл өлең жолдары көпшілікке жақсы таныс. Қазақ КСР-і кезіндегі әнұранның авторы Қайым Мұхамедханов туралы сыр шертпекпіз. Ол абайтану, әуезовтану, алаштанудың негізін қалаушы ғалымдардың бірі. Шәкәрім шығармаларын да алғашқы насихаттаушы болды. Бүгін – Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл.
Қайым Мұхамедхановтың шәкірттері ұстазын осылай деп еске алады. Шағангүл Жанаева төрт жыл бойы ғалымның дәрісін тыңдағандардың бірі. «Ағай әдеттегі сабақ жоспарымен жүрмейтін», - дейді. Оның өзіндік оқыту тәсілі болған екен.
Шағангүл Жанаева, Қ. Мұхамедхановтың шәкірті:
- Лекциясына көп газеттерді алып келетін. 82-86 жылдардың аралығы. Сол кездің өзінде аға суыртпақтап біздің санамызға Алаш, Алаш идеясы дегенді айтып отыратын. Біз осыны естіп өскен ұрпақпыз.
Қайым Мұхамедханов 1916 жылы қазіргі Жаңасемейде дүниеге келген. Ол туып-өскен шаңырақ Алаш көсемдерінің жиі бас қосып, кеңес құратын ордалардың бірі болған. Қайым жастайынан Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін тыңдап, сол кездегі танымал ақындар мен әншілердің өнеріне сусындап өсті. Бала кезден жиған рухани байлығын ол Абайтанушы болып, халыққа жеткізді.
Айдын Рысбекұлы, Қ. Мұхамедхановтың шәкірті:
- Абай музейін 40-шы жылы өзі жасақтап, соның алғашқы директоры болды.
Бұл музей әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Ғалымның Абай мектебі мен абайтану мәселесіне байланысты талмай еңбектенуіне Мұхтар Әуезов себепші болған. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Сол үшін 2022 жылы аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы ретінде Семейде «ұстаз бен шәкірт» ескерткіші ашылды.
- Қ. Мұхамедхановты өздеріңіз білесіздер, 43-ші жылы 27 жасында тұғыш Қазақстан Гимнінің авторы. Ол гимн 92-ші жылға дейін 59 жыл өмір сүрген.
Абай еңбектерін, мұрасын зерттеумен айналысты. Сол кездегі билікке мұнысы ұнамады. Тергеуге алынып, қуғын-сүргінге ұшырады.
Тұрсын Жұртбай, Қ. Мұхамедхановтың шәкірті:
- «Тергеу кезінде ыстық және суық камераға салды, қапқа салып, резіңке таяқпен соққаны есімде», - дейді. Ақыры шыдадым. Егер «иә» дейтін болсам, Әуезов кетер еді, мені сол күні атып тастайды. Одан кейін Абай кетеді. Абай кеткеннен кейін қазақ халқының болашағы бос қалады.
Қайым Мұхамедханов Семей педагогикалық институтында оқиды. Кейін сол оқу орнында ұзақ жыл еңбек етті.
Ғарифолла Есім, Қ. Мұхамедхановтың шәкірті:
- Қайым ағадан энциклопедиялық білімді алдым. Төрт жыл бойы 66 жылдан бастап Қайым ағаның барлық дәрістеріне қатысып отырдым. Қайым ағаның дәрістері бір білім, ал жанында жүргенде айтқандары бір білім. Егер соны Қайым аға айтпаса, мысалы, мен мәтіндік талдауға қай кезде келем? Міне, сүйтіп «Ғұламанама» деген кітапты жазып, сол үшін мен мемлекеттік сыйақы алдым.
Зерттеушілер: «Абайтану, өлкелік әдебиеттану, қазақ әдебиетіндегі текстология мәселелерін Қайым Мұхамедхановтың еңбектерінсіз елестету мүмкін емес», - дейді. Ғалым сондай-ақ Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ретінде де елеулі еңбектер қалдырды.
Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күтуов