Енді балабақшалар мен мектептер алдын ала ескертусіз тексеріледі. Елде 1 ақпаннан бастап бақылау тәртібі өзгерді. Мамандар балалардың қауіпсіздігі, соның ішінде білім беру және тамақ сапасына басымдық берілетіндігін айтады. Бақылау шаралары жоғары және төмен санатқа бөлініпті. Алғашқысы кемінде алты айда, ал кейінгісі жылына бір рет жүргізіледі. Ата-аналар хабардар болу үшін тексеріліп жатқан ұйымдардың тізімі ашық жарияланады. Сонымен қатар бастапқыда анықталған кемшіліктер үшін мекемеге айыппұл салынбайды. Яғни олқылықты жоюға міндеттеледі.
Марал Рақымжанова, ҚР ДСМ комитеті төрағасының орынбасары:
-Неліктен мұндай тексеріс тәсілі енгізілгенін түсіндіре кетейін. Соңғы уақытта балалар білім алатын мекемелерде қызылша, көкжөтел сияқты аурулардың тіркелуі жиіліп кетті. Жоспарлы тексеру кезінде жауаптылар барлық олқылықты түзетіп үлгеретіндіктен жағдайға шынайы баға беру мүмкін емес еді. Өзгерістерге сәйкес енді тексеруге, бұзушылықтар туралы масмедиада жарияланған фото және бейнежазбаларда негіз бола алады. Балабақша, мектептерге қоса студенттік жатақханаларда бақылау нысанына жатқызылады.