Қазақстан болашақ даму жолында ғылымға арқа сүйейді. Бұл қоғам талқылауына түскен жаңа Конституцияның жобасында шегеленіп көрсетілген. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында ғылыми қауымдастық өкілдері бас қосып, мемлекетіміздің маңызды құжатының жаңа жобасына қатысты пікір айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Ғылым – қоғам дамуының бағытын таразылайтын ақыл-ойдың алаңы. Ал Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем. Сондықтан ғылыми қауымдастық өкілдері ел тағдыры үшін маңызды жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырып, Үндеу жолдады. «Конституция жобасын мұқият зерделеу арқылы Қазақстанның зияткерлік, әділетті әрі орнықты дамуына үлес қоса аламыз», - деді ғалымдар.
Әбдірахман Омбаев, Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры:
- Мен малдың тұқымдарын шығарған ғалыммын. Мінекей, осы жерде егер ғылым болмаса, мал шаруашылығы өркендемес еді. Соның нәтижесінде біздің Қазақстанда ірі қара малдың 4 тұқымы, қой мен ешкі тұқымының 17 түрі, жылқы тұқымының 4 тұқымы шығарылған. Осының бәрі ғылымды қолдаудың нәтижесі. Ал енді болашақ қолдау менің пайымдауымша, ерекше бет алады. Осының бәрі қазақтың болашағын ғылыммен байланыстыру деп ойлаймын.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Конституцияның жобасында ғылым, білім, ілім, инновация мәселелері абсолютті құндылық, абсолютті басымдық ретінде танылып отыр. Ғылым академиясының академиктері ғалымдары Конституциялық жобаға өзінің ықыласын, ниетін жақсы білдіріп жатыр. Өйткені шынымен де өзінің болашағын ойлаған қоғам – кемел қоғам. Алдымен ғылым мен білімнің мәселесіне зор назар аудару керек деп есептеймін.