Шетелдік студенттерге тіл үйрету кезінде жасанды интеллектінің пайдасы зор. Әсіресе, жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде оқып жүргендер қазақ тіліндегі төл дыбыстарды айта алмай қиналады. Сондықтан фонетиканы дұрыс меңгерту үшін оқытушылар жасанды интеллектіні қолданады. Қазір ондағы сөздік қор бұрынғыға қарағанда толыға түскен. Жалпы жасанды интеллектіні гуманитарлық ғылымдарда қолдану тетігі уақыт ағымына қарай дами береді. Ол барлық тілге қатысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми конференцияда бірнеше елден келген мамандар осы тақырыпты бірге талқылады. Оған қоса, қатысушылар тіл білімі мен әдебиеттанудағы цифрлық технология, тарихи деректерді цифрландыру және жасанды интеллект этикасына қатысты пікір білдірді.
Манат Айтбаева, университет оқытушысы:
-Сабақ барысында біз әртүрлі платформаларды пайдалануға тырысамыз. Өйткені біз алдымыздағы шетелдік студентті тілге қызықтыруымыз керек. Оны ынталандыруымыз керек. Wordwall арқылы ойнап отырып, студент ол сөзді жадында қалай сақтап қалғананын өзі де байқамай қалады. Студенттер сонымен қатар өзінің дикциясын, интонациясын қазақ тілінде дұрыс қою үшін AI пайдаланады.