Қарағандыда қазақ тілін үйретіп жүрген өзге ұлт ұстазы

  • 6
  • 28.04.2026, 21:42

Қарағандыда да қазақ тілінің мәртебесін асқақтатып, оны өзгелердің жүрегіне жеткізіп жүрген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Әсіресе білім саласында еңбектері көпке үлгі. 

Ольга Тим, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

- Мектепте оқығанда қазақ тілі маған ерекше пән болды да, есейе келгенде 11-сыныпта ЕНТ тапсырғанда барлығы  қандай мамандықты таңдайсың деп сұрайды. Мен мұғалім боламын деп ойладым. Өйткені менің екі үлкен апам да мұғалім. Қандай пәннен боласың дегенде, біраз ойландым да мен қазақ тілі мұғалімі боламын деп айттым.

Тәжірибелі ұстаз сабақ барысында көрнекілік құралдарды көп пайдаланып, балалармен қазақша сөйлеседі. Себебі тіл меңгеру тәжірибемен келетінін жақсы біледі. Оны шәкірттері де, ата-аналар да ерекше құрметтейді.

Елена Малхасян, бастауыш сынып мұғалімі:

-Ольга - өте білікті ұстаз. Бастауыш, жоғары сыныптардың оқушыларымен де жақсы жұмыс істейді. Талапшыл, жұмысына жауапты. Қоғамдық шаралардан тыс қалмайды. Ассамблея жанында қызмет ете жүріп, өзгелерді тіл үйретуге көп еңбек сіңірді.

Ольга Тим Достық үйі жанындағы «Мәміле» қазақ тілі клубының жетекшісі. Осында өзге ұлт өкілдеріне дәріс оқиды. «Клубта жиырмаға жуық этнос өкілі бар. Олардың қазақ тілі мен салт-дәстүрін меңгеруге деген құлшынысы зор»,-дейді ұлағатты ұстаз. «Бұл бауырмал қазақ халқы мен осы елде тұрып жатқан өзге ұлттардың арасындағы ортақ құндылықтардың қалыптасқанын, татулығын білдіреді», - дейді ұстаз.

Ольга Тим, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

-Біздің Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл әрине біздің саясатқа байланысты. Аспанымыз ашық, еліміз тыныш. Енді біздің халық үшін бұл өте маңызды. 

Ольганың отбасы да қазақы құндылықтарды ұстанады. Өмірлік серігі қазақ, балалары да қазақша сөйлейді.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит