Педагог мәртебесін күшейтетін жаңа заң жобасы қаралды

  • 7
  • 29.04.2026, 21:36

Қазақстанда оқушылардың мектепте ұялы телефонды қолдануына қатысты біріңғай ереже бекітіледі. Ал мұғалімдер есеп-қисапты тек бір-ақ рет тапсырады және қызметтегі жауапкершілігі нақты түзіледі. Бұл туралы Мәжілісте «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы» Заң жобасын қарау барысында айтылды. Депутаттар ұстаздардың міндетіне кірмейтін іспен айналыспауы керектігін де айтты.

Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы заң жобасы мен оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов таныстырды. Құжат Мемлекет басшысының мұғалімдер құқығы мен мүдделерін заңнамалық деңгейде қорғауды күшейтуге бағытталған тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Оның бір тармағы педагогтердің жауапкершілігін белгілеуге бағытталған. Атап айтқанда енді мұғалім тек оқу кезінде ғана бала үшін жауап береді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз енді заңға нақты норма енгіземіз. Педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процессі кезінде және тек өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болуы керек. Жазғы демалыс ата-ананың жауапкершілігі, түнгі уақыт ол да ата-ананың жауапкершілігі. Демалыс күндері ата-ананың жауапкершілігі. Енді ешқандай екіұдай түсінік болмауы тиіс. Біз педагогтерді осылай қорғаймыз.

Сондай-ақ оқытушылар есептілікті не қағаз түрінде, не электронды форматта ғана тапсырады. Екеуін бірдей жүргізуге тыйым салынады. Ал оқушылардың мектепте ұялы телефон қолдануын бір жүйеге келтіру көзделіп отыр. Қазір бұл мәселе бойынша әр білім ұясының өз тәртібі бар. Бірінде құрылғыны пайдалануға рұқсат етілсе, енді бірінде тыйым салынған.

Темір Қырықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдалану қағидаттарын нақты қандай ерекшеліктер көзделеді? Оқу процесінде баланың қауіпсіздігі болмаса бір төтенше жағдайлар туындаған кезде ата-аналар мен балалар тез арада байланысқа шығу үшін тепе-теңдіктер болмаса мүмкіндіктер қарастырылады ма?

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің айтып жатқанымыз қазір бұл саясатты айқындай әр мектептің өзінің құзыреттілігінде. Біз оны бірізділік болсын деп министрлікке беріп жатырмыз. Министрлік қандай саяси шешім қабылдайды, қалай реттейді, қандай ерекшеліктерін таниды, ол уәкілетті орган болғаннан кейін олар осы шешімге өздері келеді деп ойлаймын.

Тағы бір тармақ медициналық білім алған жастарды тезірек жұмысқа тартуды көздейді. Бұл үшін жоғары оқу орнында 6 жыл оқып, кейін тағы 1 жыл толыққанды интернатура жеткілікті болмақ. Содан соң түлектер жұмыс іске кірісуге құқылы болады. Депутаттар, педагогтер тек біліммен айналысу керектігін ескертті.

Ринат Зайыт, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мұғалімнің жұмысы терезе жөндеу емес, пол краскілеу емес. Оның жұмысы Ньютон заңын үйрету, Химиядағы элементті үйрету, зат есім мен сын есімді үйрету мысалы айтқанда. Сондықтан оны тең бөлу керек.

Бұдан бөлек, шетелдік университеттердің елімізде жұмыс істеуіне қатысты да ережелер бекітіледі. Бұдан өзге Мәжілісте арнаулы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданып, атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлданды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Әбілдин