ҰБТ кезінде санитарлық талаптар қатаң сақталады
Солардың бірі – түлектердің бет-әлпетін тану арқылы тұлғаны сәйкестендіру. Атап айтқанда, тестке кіру кезінде бет-әлпетін тану алғаш рет «Face ID» көмегімен жүзеге асырылмақ. Бұдан бөлек, тест тапсыру орындарында оқушылар үшін қарапайым калькулятор беріледі. Ал тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа дейін ұзартылады. Биыл жалпы саны 131 мың 755 адам тест тапсырады. 20 маусымнан 5 шілдеге дейін санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, 161 пунктте өткізіледі.
Азамат Әбілқайыр, тілші:
- Елімізде коронавирустың өршуіне байланысты биылғы ҰБТ тапсыру барысы біршама өзгерді. Яғни аудиторияға кіргеннен бастап сынақ тапсырғанға дейін талапкер мына ережелерді білуі тиіс. Ол қандай ереже? Мына баррикадалық лентаның бойында екі метр қашықтықты сақтап, кезегі келмей қозғалмауы керек. Содан кейін мына дезинфекциялық кешеннен өтеді. Содан кейін түлек дене қызуын өлшетеді. Егер 37 градустан асқан жағдайда аудиторияға кіргізілмейді. Бетпердеңіз болуы міндетті. Бұған шағымданудың қажеті жоқ. Мұның бәрі қауіпсіздік үшін жасалып отыр. Метал іздегіш құрылғыдан мынандай дауыс шығып, қалтаңыздан ұялы телефон табылса, талапкер үстінен акт толтырылады. ҰБТ тапсырудан бір жылға шеттетіледі.
Өміржан Қоқаев, ҰБТ өткізу бойынша мемлекеттік комиссия хатшысы:
- Талапкерлер тест нәтижесін сайт арқылы өзінің рұқсат қағазынадағы ИИН бойынша біле алады. Ал аппелацияға беретін талапкерлер тест өткеннің ертеңіне дейін сол тест тапсырған ғимаратқа келіп, өтініш бере алады. Яғни биылғы ерекшелік тест күнде өтеді. Және тест пен аппеляция бірге жүргізіледі.
Дезинфекциялық кешеннен өттік, дене қызуымызды өлшеттік, металл құрылғысынан тексерілдік. Енді арақашықтығы екі метр болатын мына қызыл жолақтан аспай, тәртіпті сақтай отырып аудиторияға бет аламыз.
Аудиторияға кірерде түлектер өздерімен құжаттарын алып жүрмесе де болады. Адамның бейнесін анықтайтын мына құрылғы арқылы мамандар барлық мәліметті біле алады. Кейін қолымызды антисептикпен тазалаймыз. Алдымызда сынақ алаңы.
Аудиторияға кірген соң талапкерлер екі метр қашықтықты сақтап, шахмат үлгісімен отырады. Биыл уақыт 4 сағатқа ұзартылды. ҰБТ-да 11-сыныптың 4-тоқсанында оқытылатын бағдарламадан сұрақ болмайды. Және тест тапсырушы бетпердені екі сағат сайын ауыстырып, қоқысқа тастап отыруы тиіс. Ал ата-аналар балаларын онлайн бақылай алады. Егер баласының құқығы бұзылып, немесе тексерушілер тарапынан тәртіпсіздікке жол берілсе, шағымдануына толық құқығы бар.
Авторлары: Азамат Әбілқайыр, Нұғыман Мамурбаев