Жаңа оқу жылында әліппе қайта оралады
Сынақ құпия түрде жүргізілуде. Жаңа оқулықты оқушы қайта қолына қашан алмақ? Өзгерістері, жаңалығы қандай ?
Қазір қолданыста жүрген «Сауат ашу» оқулығы 2016 жылы оқу процесіне енгізілген. Білім саласындағы бұл реформа уақыт өте келе сәтсіздігін көрсетті. «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандарының айтуынша, «Сауат ашудағы» күрделі мәтіндер мен түсініксіз суреттер әлі әріп танымайтын баланың ұғымына ауыр. «Оқулық балаларға емес, ата-аналарға арналып жазылған», – дейді көпшілік.
Мәкен Бақанова, зейнеткер ұстаз:
- Ауыл балалары үшін «Сауат ашу» көп қиындық тудыра қоймас, өйткені олар ана тілінде сөйлейді. Ал мына үлкен қаладағы балалар үшін «Сауат ашу» үлкен қиындық тудырады.
Нұржұма Ботайұлы, ата-ана:
- Әліппенің оралғанын қалаймын. Әліппе – бірден-бір қол үзбейтін, зерттеліп жүйеге қойылып қойған біздің сауат ашу құралымыз. Баламыз әліппемен әріп таныса жаман болмайды.
Көпшілік күткен оқулықтың басты ерекшелігі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделеді. «Бірақ ондағы мазмұн, тапсырмалар жинағы заманауи кейіпкерлермен, қазіргі баланың танымына лайықты тілмен беріледі», – дейді мамандар. Жаңа оқулықта оқушылардың зейінін ашу, әріптерді үйрену, дыбыстарды меңгеру кезеңі қамтылған. Қазір бес баспаның ұсынған «Әліппе» оқулығы сынақтан өтуде. Олқылықтар да жоқ емес.
Әділхан Дүйсебек, ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми практикалық орталығы директорының орынбасары:
- Өкінішке қарай әліппені әзірлеу деңгейі талапқа сай емес. Ескертулер жасадық. Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін әлі де түсінбеген авторлар бар. Яғни оның төрт ұстанымы бар. Мысалы, оңайдан қиынға қарай, жеңілден күрделіге қарай әдістемесі. Соңғы кездегі біздің оқулықтарда бірден өте күрделі тапсырмалар беріліп кетіп және тапсырмалардың саны өте көп болып кетіп жатады, ол баланың жас ерекшелігіне сәйкес келмейді де, ауыртпашылық тудырады.
Жаңа оқулықта әріптерді үйретудің реттілігі өзгереді. Мысалы, А әрпінен кейін Р әрпі өткізіледі. «Балаға ең бірінші АР деген сөзді үйретейік», – деп мұны Байтұрсынұлының өзі ұсынған. Төл оқулыққа қойылған басты талап – ұлттық құндылықтарға басымдық беру. Әліппенің бірнеше нұсқасының сынақ-сараптамаға ұсынылуы да тегін емес. Бәсеке мен таңдау бар жерде, сапа ақсамайды.
Әділхан Дүйсебек, ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми практикалық орталығы директорының орынбасары:
- Сараптама сынақ құпия режимде өткізіліп отыр. Ол не үшін керек? Бұрын пилоттық мектептерге баспалар барып, авторлар семинар өткізіп, үгіт-насихат жүргізетін. Ол әділдікке алып келмейді. Сондықтан бағалау өте объективті және апробатор мұғалімдер тәуелсіз болуы үшін біз пилоттық мектептерді де атамаймыз. Олар құпия режимде жұмыс істеп жатыр.
Сынақ кезеңінде талапқа сай емес оқулықтар қайта өңдеуге жіберілген. Түзетіліп, толықтырылған оқулық пәндік сараптамалық комиссияға жіберіледі. Кәсіби комиссия соңғы нүктесін қойған соң, «Әліппе» оқулығы күзде, жаңа оқу жылында 1-сынып оқушыларының қолына тиеді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев