Халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне грант беру заң жүзінде реттелмек
Енді оларға конкурсқа қатыспай-ақ, жоғары оқу орындарына түсу үшін грант беру мәселесі заңнамалық тұрғыда қарастырылып жатыр. Еске салайық, биыл жаратылыстану бағыты бойынша ірі халықаралық олимпиадаларда оқушылар 26 медаль алып, рекорд жаңартқан.
12 жастағы Райымбек есеп-қисап бойынша халықаралық олимпиададан бірінші орын алды. Ғылым атасы – математиканы жанына серік еткен балақай биылғы жарыс былтырғыдан қиын болғанын айтады.
Райымбек Құтым, 6-сынып оқушысы:
- Біздің өтпеген тақырыптар болды. Мысалы, 7-сыныптың есептері. Есептер қиын, бірақ өзім қызығып 6-сыныпта 7-сыныптың есептерін шығарып үйрендім.
Шынымен, олимпиада оқу бағдарламасынан бір адым алда жүретіні ешкімге құпия емес. Сондықтан олимипадаға тыңғылықты дайындық аса маңызды.
Нұргүл Жекенова, математика пәнінің мұғалімі:
- Аптасына 2 рет арнайы олимпиада курстарын өткізіп тұрамын. Одан бөлек бізде балалардың қосымша сұрақтарына жауап беретін уақыт болады. Балалармен жеке жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар.
Тереңдетілген бағытты еңсеретін оқушылар елде көп. Тек 2021 жылдың өзінде 681 оқушы түрлі деңгейдегі олимпиадалардан жүлделі орын алған. Бұл оқушылармен қатар мектептердің де рейтингіне оң әсер етеді.
Селман Шимшек, мектеп директоры:
- Соңғы жылы NURORDA мектебі олимпиададан Қазақстан бойынша 7-орында тұр. Халықаралық олимпиада математика олимпиадасына 90 оқушыны жібергенбіз. Бүгін 48 оқушымыз жүлделі орын алып келе жатыр.
Тимур Нұркешов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:
- Ең беделді олимпиадалар ішінде біздің жеті олимпиадамыз бар. Олар – математика, физика, химия, биология, информатика және лингвистика бағытында өтетін олимпиадалар. Бұл олимпиадаларға 30-дан 107-ге ел қатысатындықтан деңгейі өте жоғары.
Жоғары сынып оқушыларының арасындағы халықаралық олимпиадаға биыл ел намысын қорғауға 31 оқушы аттанып, 26-сы жүлдемен оралды. Білімді өрендер ел қоржынына 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль салып, рекордты жаңартты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 16 жүлделі орын, яғни 7 күміс пен 9 қола болған еді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмасына сәйкес, қазір Білім және ғылым министрлігі дарынды балаларды қолдау бағытында жүйелі шешімдер әзірлеуде.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары біржолғы ақшалай сыйақы алады. Алтын медаль иегерлері – 1500 АЕК (4 375 500 теңге), күміс – 1000 АЕК (2 917 000 теңге), қола – 500 АЕК (1 458 500 теңге) көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ оларға конкурсқа қатыспай-ақ жоғары оқу орындарына түсу үшін грант тағайындалады. Біржолғы ақшалай сыйақы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған педагог-тәлімгерлерге де беріледі.
Аталған шараларды жүзеге асыру үшін «Білім туралы» Заңға толықтырулар енгізілмек. Осылайша, халықаралық олимпиада жүлдегерлері 4,4 миллион теңгеге дейін сыйақымен қоса, қалаған оқу орнына емтихансыз түсіп, онда тегін оқуға жолдама ала алады.
Авторлары: Дана Алиева, Әлібек Алиев, Аян Сәрсенбаев