Маңғыстау облысында 3 мыңға жуық оқушыға мектеп жетіспейді
Қазір 204 оқушы үшауысыммен оқиды. Бақытгүл Әбдіраманованың 4 баласы осы мектепте білім алады. Ауыл тұрғыны биыл іске қосылатын қосымша ғимаратты күтіп жүр.
Бақытгүл Әбдіраманова, ауыл тұрғыны:
- Әлі де үшауысыммен оқимыз. Уақытымыз балаларды тасумен өтеді. Жаңа мектептің ашылуын, балаларымыздың қысылып-қымтырылмай жақсы білім алуын күтудеміз.
Шоқан Жаулиев, Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Атамекен және Күйкен жалпы білім беретін мектептерге қосымша құрылыс салынуда. Қыркүйек айына дейін беріледі деп күтілуде. Жалпы мердігер мекемемен келісімшарт бойынша мерзімі сол кезге белгіленген.
Облыс бойынша 18 мектепте үшауысыммен 5 105 бала оқиды. Мәселені шешу үшін мерзімі төртжылдық өңірлік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.
Гүлмира Мамаева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылдың өзінде 1 800 орындық екі мектеп пайдалануға беріледі. Олар: Ақтау қаласында 31а шағын ауданындағы 1 200 орындық және Басқұдықтағы «Жаңа қоныс» шағын ауданында 600 орындық шағын мектеп.
2025 жылдың соңына дейін Маңғыстау өңірінде 35 мектеп салынады деп жоспарланған. Оның 24-і орта білім ұясы, қалғаны қосымша құрылыстар.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында алты мектепте 4,5 мыңдай оқушы үшауысыммен білім алады. Түпқараған мен Бейнеудегі екі білім ұясында, Жаңаөзен және Маңғыстау ауданында бір мектепте осындай мәселе бар. Тек Қарақия ауданында мектептерде орын тапшылығы жоқ.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев