Атыраулық ата-аналар мектептің жері талан-таражға түсті ме деп алаңдаулы
Ауысымына 300 оқушы қабылдап келген көне мектеп ғимараты «апатты» деп танылған соң, ол сүріліп, орнына жаңасы салынуы тиіс болатын. Ал ата-аналар бір кезде «экологиялық мектеп» атанған Жайық өзені жағасындағы білім ошағының жер телімі талан-таражға түсті деп наразылық танытуда.
Бұл күнде бұрынғы ғимараттың орны да жоқ. «Апатты» деп танылған соң сүріліп кеткен ғимараттың аумағы 5 жылдан бері қоршаулы тұр. Ал балаларын басқа мектептерге тасып жүрген ата-аналар: «Бізге тал-терегі жайқалған бұрынғы орнынан мектеп салып берсін», - деген талап қойып отыр.
Фарида Тоғашева, ата-ана:
- 2017 жылы осы мектептен 1-сыныпты тәмамдадық. Келесі оқу жылының алдында мектеп ғимаратын «апатты» деп танып, бізді №18 мектепке көшірді. Ол қашық, жаяу барамыз. Себебі біз тұрған жерден ол бағытқа автобус жүрмейді.
Мектепке тиесілі жер телімі үшін ата-аналар күресіп келген. Олар белсенді топ құрып, облыстық білім басқармасы, жергілікті әкімдік, тіпті прокуратураға дейін шағымданыпты. Жайық жағасындағы жайлы мекенге көз сүзгендер бір кезде 91 сотық аумақты біртіндеп иемдене берген. Ақыры, мектеп ғимараты орналасқан аймақ ондаған бизнес нысаны мен әсем коттедждің қоршауында қалыпты.
Қайша Рысбаева, белсенді топтың жетекшісі:
- Олар мектепке тиесілі жерді басып алған. Біреуі 3 метр, екіншісі 21 метр жерді иемденіп кетті. Бізге кіріп-шығуға 8 метр қалдырып отыр. Содан бері біздің оқушылар тек осы 8 метр аумақтан шыға алмай келді. Ауладан шыға бере күре жолға тірелеміз.
Белсенді топтың табанды талабының арқасында даулы іске облыстық прокуратура араласып, 2021 жылы мектепке тиесілі жерді заңдастыруға көмектесіпті. Осылайша, бір кезде әкімдік жоспарлаған 160 орындық мектеп енді екі есе үлкен болып салынатын болды.
Мейірім Қалауи, Атырау қаласының әкімі:
- Осы жылдың аяғына дейін жобасы мектептің өзгертіліп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылысы басталады. Сол 300 орындық мектепті салу үшін жер көлемі жеткілікті. Жасыратыны жоқ, 90-шы жылдардың басында мектептің айналасындағы бос жерлер жеке компанияларға берілген. Қазір ол жерлердің барлығында ғимараттар, әртүрлі кеңселер, үйлер орналасқан. Оны бұзудың ешқандай қажеттілігі де, мүмкіндігі де жоқ.
Енді ата-аналардан құралған белсенді топ: «Салынатын мектептің сапасына да көңіл аударсақ», - дейді. Себебі әкімдік ұсынған мектеп жобасы көңілдерінен шықпайды екен. Олар бетоннан құйып, сыртын қаңылтырмен қаптай салатын ғимарат керек емес деп отыр. Осылайша, жан-жаққа тартқан текетірес кесірінен Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің оқушылары жаңа оқу жылында тағы да басқа мектептерді жағалайтын сыңайлы.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазив