Енді ата-аналар 4 балабақшаны таңдай алады
Қыркүйек айынан бастап ата-аналар тұрғылықты мекенжайына қарамастан, 4 балабақшаны таңдау құқығына ие болады.
Себебі кезекке тұрудың бірыңғай базасы енгізіліп жатыр. Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша жыл басынан бері елімізде 29 620 орынға арналған 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Оның үшеуі мемлекеттік, 304-і жекеменшік. Алдағы 2 жылда тағы 223 тәрбие ошағымен толығады.
Күздің басында бала тәрбиесімен айналысатын мамандарды жағымды жаңалық күтіп тұр. Балабақшадағы педагогтардың жалақысы 30 процентке дейін өсетінін айта кетейік.
Наталья Жұмаділдаева, Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:
- Қазір мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын басты талап – санға емес, сапаға жұмыс істеу. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2023 жылы балабақшалардағы 20 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады. Сондай-ақ 79 мектепке дейінгі ұйымда «Құзыреттілік орталықтары» тұрақты негізде жұмыс істейді.