Хабар телеарнасы

Ақтөбеде «Арманда» бизнес-форумы өтті

Онда білім беру, отбасы құндылықтары, жастардың рухани және әлеуметтік даму деңгейі турасында пікірталас болды. 

Бизнес форумда елімізге танымал тұлғалар тың тәжірибелерімен бөлісті. Келушілер қатарында жастар көп болғандықтан, әлеуметтік желіде жиі талқыға түсетін тақырыптар назардан тыс қалмады. Спикерлер қазіргі рухани және әлеуметтік мәселелердің күрделеніп бара жатқанын жасырмады.

Ислам Байрамуков, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:
-Кешеден бері енді кездесулер басталды. Қызығушылық өте жақсы жастарда. Келіп сұрақтарын қойып. Өзім кәсіби спортшы болғаннан кейін салауатты өмір салтын насихаттау жастар арасында, патриоттық сезімді ояту, сондай өмірге деген, отанға деген сүйіспеншілікпен қарау, сосын өзіміз өткен өміріміздегі тәжірибемізбен бөлісу. Осы спорт саласына қалай келдік? Қандай еңбек еттік деп ақыл кеңесімізді айтамыз.

Жоба аясында сарапшылар тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандармен де жүздеседі. «Балалар үйлері мен жалғызбасты аналарға пана болған орталық тұрғындарына қолдау көрсету міндетіміз»,— дейді.

Арман Дәулетияров, ҚР Президентінің Телерадиокешені бас директорының кеңесшісі:
-Оқырмандарым балалар үйіне бару себебін жиі сұрайды. Жақындарынан айырылған бүлдіршіндерге жүректің жылуы мен ыстық ықылас қажет. Біз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп қана қоймай, оларға қолдау көрсетіп көңіл бөлуіміз керек. Бұл мен үшін өте маңызды.

«Арманда» бизнес форумы Ақтөбеден өзге 6 қалада өтті. Кезекте тағы 13 шаһар бар. Сарапшылар елімізді түгел қамтуды көздейді. Осылайша өңірлерді аралап, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы көзтартымды
тұстарды әлемге паш етіп жүр. Бұл туризмнің дамуына түрткі болмақ.

Авторлары: Мансур Есқожин, Айнадин Молдабеков