Финляндия оқытушылары қазақстандық әріптестерінің біліктілігін арттырмақ
Финляндия университеттерінің оқытушылары 2 мыңға жуық қазақстандық әріптесінің біліктілігін арттырмақ.
Тренингтерге финдік сарапшылармен қатар Назарбаев университетінің мамандары да атсалысады. «Педагогикалық білім беру моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту» атты ауқымды жоба қаңтар айынан бастап маусымға дейін офлайн және онлайн форматта жүргізіледі. Ұстаздар қауымы цифрлық педагогика бойынша құзыреттілігін жетілдіреді. Бағдарлама шеңберінде 50 ауыл мектебінің директорлары да қамтылады.
Ирмели Линель, Финляндияның қолданбалы ғылымдар университетінің өкілі:
- Қазақстанның білім беру жүйесінде тұтастық барын байқадым. Оқытушылар бір-бірімен кездесіп, тәжірибе алмасады екен. Осы бағыттағы жұмыстар белсенді атқарылып жатқаны қуантады. Финляндияда оқытушы мәртебесі жоғары. Оқушы мұғалімге толық сенеді. Студенттерге сыни ойлау үшін жағдай жасалып, шығармашылық еркіндік беріледі.