Биыл 3,8 млн оқушы оқу жылын аяқтайды
3 млн 800 мың оқушы биыл оқу жылын аяқтағалы отыр. Олардың 186 мыңы мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. 7 мың 700-ден астам түлек алтын белгіге үміткер. Оқу жылы «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарымен өтті. 9-11 сынып оқушылары үшін емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығына бекітіліп отыр. Сондай-ақ биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізіледі. Еліміздегі 11 мыңдай демалыс орындарында 3 млнға жуық бала демалады және олардың басым бөлігі туристік, интеллектуалдық және шығармашылық іс-шаралармен қамтылады. Сондай-ақ алдағы дүйсенбіден бастап жазғы мектеп жобасы жұмысын бастайды.
Асыл Аманкелдиева, Астана қ. Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы:
-Су басқан аймақтардың оқушылары, одан кейін қысқы мезгілде ауа райының қолайсыздығына байланысты көп жерлерде қашықтан өткізілді ғой сабақтар. Сол балалардың біліміндегі олқылықтарды толтыру үшін сол мақсатта бір апталық жазғы мектеп ұйымдастырылып отыр. Ең бірінші бұл жерде баланың білімі бағаланбайды. Балаларға үйге тапсырма берілмейді. Күніне 5 сабақтан, бастауыш сыныптар 30 минуттан, жоғары сыныптар 40 минуттан білім алатын болады. Астана қаласында 28 мыңға жуық ата-ана өтініш білдіріп отыр.