Хабар телеарнасы

Хусамуддин Әс-Сығнақи мұрасы зерттеліп жатыр

«Хусамуддин әс-Сығнақи: Алтын ордалық ізбасарлары». Осындай тақырыппен Алматыда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын ойшылдың мұрасы мен мектебін зерттеп жүрген шетелдік, отандық ғалымдардың басын қосты.

Шараны Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Жиын барысында Керім Шәмшәдиннің «Ғұлама Хусамуддин әс-Сығнақи» кітабы көпшілікке таныстырылды.

Хусамуддин – күллі ислам мәдениетіне ортақ тұлға. Ол 1132-1199 жылдары өмір сүрген. Туған жері – Сығанақ қаласы. Осында алғаш діни білім алады. Одан әрі Бұхара, Дамаск, Басра қалаларына барып оқиды. Отырар қаласындағы кітапхананы басқарған. Ғалым атақты «Нихая» мен «Хидая» діни шығармалары кітаптарын осы қалада жазған. Конференция ойшылдың еңбектерін зерттеуді, насихаттауды көздейді. 

Наурызбай қажы Тағанұлы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

- Ислам жолындағы ізденуші ғылым жолында жүрген біздің шәкірттерімізге, ғалымдарымызға барынша осындай ұлы тұлғаларымызды кеңінен насихаттау оның жаңалықтарын, оның жазған еңбектерін жарыққа шығару. Осы ғалымдарымыз Хусамуддин әс-Сығнақи бабамыздың еңбектерін кеңінен насихаттайтын .

Хусамуддин әс-Сығнақидың еңбектерін ислам әлемі мойындаған. Филология ғылымдарының докторы Керім Шамшәдиннің айтуынша, оның мұрасы 25 томнан асады. Ғалымның жазбаларын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті 2002 жылдан бері зерттеп келеді.

Керім Шамшәдин, филология ғылымдарының кандидаты:

- Сығнақидың белгісіз еңбектерін тауып, аударып, айналымға қосып жатырмыз. Менің де жаңа бір кітабым жарық көрді. Бұрын жарыққа шыққан. Бірақ мен жаңа мәліметтермен толықтырдым.

Ғұламаның еңбектерін, қолжазба нұсқаларын әлемнің түкпір-түкпіріндегі кітапханалардан табуға болады. Сондықтан оның ілімін зерттеуді жалғастыра беру керек, - дейді конференцияға қатысушылар.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев