Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында медициналық туризм дамып келеді

Тек бір жылда 69 шетел азаматы Тараз қаласына барып операция жасатқан. Жалпы аймақта кардиохирургия саласы жақсы дамып келеді. Заманауи құрылғымен жабдықталған клиникалар мен білікті мамандар жетерлік.

Бір ғана Тараз қаласында жүрек ауруларын емдейтін 4 мекеме бар. Солардың бірі аритмология орталығы. 57 жастағы Асқар Өлкеев қазір осында ем алып жатыр. Бір ай бұрын жүрегі шаншып ауруханаға түскен. Сонда ғана жүрек қағысында ауытқуы бар екенін біліпті. Ол Астана, Алматы қалаларына сабылмай-ақ облыс орталығында ота жасатпақшы.

Асқар Өлкеев, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Көп жігіттерден естіп жатырмын, бұл жерді мақтап жатыр бәрі. Жаман пікір естіген жоқпын. Өзім бірінші рет келіп тұрмын бірақ, тазалығы бәрі жақсы екен. Енді осы жерде кардиолог дәрігерді мақтап жатыр. Соны естігеннен кейін келіп, сеніп жасатайын деп жатырмын.

Аймақтағы аритмологиялық клиникада өткен жылы 685 науқасқа операция жасалған. 2000-нан астам адамға диагностикалық қызмет көрсетілді. Ота құны күрделілігіне қарай 150 мыңнан 8,5 миллион теңгеге дейін барады. Медициналық қызмет түрлері шетел азаматтарына ақылы болса, Қазақстан халқы міндетті әлеуемттік медициналық сақтандыру есебінен тегін емделе алады.

Руслан Құралбаев, аритмология клиникасының директоры:

- Біздің орталық жүрек қағысы бұзылған адамды диагностикалау мен емдеуде заманауи әдістерді қолданады.  Мысалы, электрофизиологиялық зерттеу радиожиілікті абляция сынды әдістерді қолданамыз. Сонымен қоса еліміздің 4 қана қаласындағы клиникада бар емдеудің криоабляция әдісін қолданамыз.

Жамбыл облысында 393 медициналық мекеме бар. Барлығы сапалы әрі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Тек өткен жылы өзге облыстың 750 тұрғыны мен 69 шетел азаматы осы мекемелерде ем алды.

Ерік Мұсабаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Көбінесе қазіргі заманауи чекап болмаса, өздерінің денсаулығын зерттеуге жүгінеді азаматтар. Біздің денсаулық мекемелерінің барлығында анализаторлар және заманауи диагностикалық аппараттардың барлығы жеткілікті деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда онкологияға жүрек жағына және басқа да проблемалар қант диабетіне қатысты өздерін зерделесе болады.

Алайда облыс бойынша 85 дәрігер жетіспейді. Әсіресе аудандарда неонотолог, инфекционист және фтизиопульмонолог мамандары тапшы. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік медициналық оқу орындарында оқып жатқан облыс түлектерімен келісімшартқа отырған. Яғни басқарма жас мамандардың біліктілігін арттыру үшін одан әрі оқытады. Олар өз кезегінде аудандарға барып жұмыс істейді.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә