Хабар телеарнасы

Жасөспірімдер арасында сколиоз дендеп барады

Жасөспірімдер арасында сколиоз дендеп барады. Бүгінде иығын тік ұстап, жауырынын кеңге жайып жүретін баладан гөрі, телефонға телміріп, қисайып жүргендер көп. Өткен жылдың өзінде елде 13 мыңға жуық балаға сколиоз диагнозы қойылған. Ал жылына кемі 200 баланың омыртқасына ота жасалады екен.

Елімізде сколиоз диагнозы қойылғандардың 80 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар. Яғни осыншама баланың омыртқасы қисық деген сөз.

Кәмшат Мұратқызы, ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

-Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақты бөлімшелері осы прафилактикалық-медициналық бақылаудан өтуді бақылайды. Бұл ретте жалпы республика бойынша 2024 жылдың қорытындысы негізінде 12952 оқушыда сколиоз ауруы анықталып отыр.

Сколиоздың кең тараған екі түрі бар. Бірі - туа біткен, екіншісі - идиопатиялық. Яғни нақты себебі белгісіз. Бірақ жүре пайда болған. Дәрігерлердің айтуынша, оған бірнеше себеп бар.

Жомарт Сүлейменов, травматолог-ортопед дәрігер:

-Бесікке салу керек баланы. Омыртқасы дұрыс қалыптасу үшін 1 жасқа дейін. Екінші, баланы керуеттерден, дивандардан секіртпеу керек. Үшіншіден, баланың минералдық кальций, магний, фосфор обмендерін, яғни сүт тағамдарын, дұрыс байыған тағамдарды қолдану керек. Төртінші, орындықтарда отыру дисциплинасын, яғни жату, төсек орындарын дұрыс қадағалау керек. Бесінші, ауыр жүктеме салуға болмайды. Сөмкелердің де қатысы бар.

Иә, «Мектеп сөмкесі баланың жасына сай емес, ауыр»,- дейтіндер көп. Бірақ жауапты мамандар «Әр кітаптың салмағы нормаға сай. Бастысы, содан асып кетпеуі керек»,– дейді.

Айым Махмутова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің сарапшысы:

-Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқулықтардың салмағы 300 граммынан 600 граммға дейінгі салмақтан аспауы тиіс. Бұл дегеніміз 1-4 сыныптарға арналған оқулықтардың салмағы 300 граммға, 5-6 сыныптарға арналған оқулықтардлың салмағы 500 гр, 7-9 сыныптарға арналған оқулықтардың салмағы 500 грамм және де 10-11 сыныптарға арналған оқулықтардың салмағы 600 гр салмақтан аспауы тиіс.

Ендігі мәселе, оны бала қалай көтеріп жүргенінде. Себебі буыны әлі толық қатпаған оқушыға сөмкені бір иыққа асып жүруге болмайды. Одан бөлек, бала омыртқасының қисаюына мектеп парталарының өлшемі әсер етеді. Ал елімізде баланың жасы мен денсаулығын ескермейтін мектептер де бар екен.

Кәмшат Мұратқызы, ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

-Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері жоспарлы тексеру барысында мектеп жиһаздарына зерттеулер жүргізеді. Жалпы 2024 жылы 8376 зерттеу жүргізілген. Соның ішінде 1050 зерттеу сәйкессіздік анықталды.

Осындай болмашы дүниеден басталатын сколиоз ауруының салдары оңай емес. Омыртқа қисайғандықтан өкпе, жүрекке күш түседі. Ішкі ағзаларының жұмысы бұзылады. Тірек-қимылы өзгереді. Нәтижесінде балаға ота жасауға тура келеді.

Нұрбек Нәдіров, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс балалар травматолог-ортопеді:

-Бізде қазір 80% 18 жасқа толмаған балалардың сколиозынан жылына 200-ге жақын операция жасаймыз. 21 отделениемізде бізде жалпы аптасына кемінде 3-4 сколиозға операция жасаймыз.

Ауырып ем іздегенше, оның алдын алған тиімді. Мамандардың айтуынша, баланы телефонға телміртпей, екі қолы мен жауырыны бірдей қимылдайтын жүзу, таэквондо сынды спорттық секцияларға берген жөн. Бірақ ең алдымен жылына кемінде 2 рет ортопед маманға көрсетіп тұрған абзал.

Авторлары: Алуа Маханбет, Айдос Меңлібеков, Дархан Күнтуов