ШҚО-да симулияциялық орталық ашылды
Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласында жедел реанимациялық көмек көрсету дағдыларын жетілдіретін симулияциялық орталық ашылды. Осыған дейін ондағы мамандар мұндай маңызды тәжірибені пысықтау үшін Өскеменге сабылатын еді. Орталықта не үйретіледі?
Алтай қаласындағы симуляциялық орталық дәрігерлер де, жас мамандар да жиі бас қосатын нағыз тәжірибе алаңы. Мұнда зардап шегуші ретінде манекендер қолданылады демесеңіз, барлық іс әрекет шынайы көрсетіледі.
Елена Тоқтасынова, фельдшер:
-Осы жерде тәжірибеден өткен сайын жұмыс істеу де жеңілдей түсетінін байқадым. Әрі өзіңе деген сенімділігің артады. Кез келген шақырту түскен кезде алдын ала не істеу керегін біліп барамыз.
Жедел жәрдем бригадасы әртүрлі оқиғаға тап болады. Санаулы секундта дұрыс көмек көрсету адам өмірін құтқаруға сепші. Мәселен, жүрекке массаж жасаудың өз тәртібін сақтамаса болмайды. Әйтпесе, артық қылам деп, тыртық қылуыңыз әбден мүмкін.
Ересектердің тыныс алуы қиындаған кезде оларға алақанмен массаж жасалып көмек көрсетіледі, ал балаларға келгенде абай болуы керек. Ол кезде саусақтың ұшы ғана қолданылады. Соны қазір көрсетксек деп тұрмыз, мінеки бір,екі,үш,бір, екі, үш мінеки осындай қалыппен массажды бір минутқа дейін жалғастыру керек.
Жаттықтырушы Александр Тиде балалар қақалып қалғанда қалай көмек көрсету керегін жиі айтады. Білікті маман Стамбулға барып, білімін жетілдіріп, әріптестерімен бөлісіп жүр.
Александр Тиде, жаттықтырушы:
-Стамбулда ең мықты дәрігерлермен кездестік. Осындай орталықтарда болдым. Үйренгенімді енді әріптестеріме көрсетіп жүрмін. Барлығы да керек дүние.
Симулияциялық орталық шағын шаһарда бекер ашылған жоқ. Бұл өлкенің жер бедері күрделі. Қысы-жазы туристер үзілмейді. Қатонқарағай, Рахман бұлақтарына жету оңай емес.
Гүлнәр Текеманова, облыстық жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары:
-Алтайдың дәл қасында Бұқтырма тұр. Туристер өте көп келеді. Жазда тіпті осы жолмен адам көп өтеді. Жол апаты да жиі кездеседі. Сондықтан шұғыл жағдайға әр маман дайын болуы тиіс.
Алтай қаласынан соң мұндай орталық Самар ауданында да ашылды. Осы жазда шекара маңындағы Зайсан қаласы мен Ақжар ауылында іске қосылады деп жоспарланған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов