Елімізде мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің кең көлемі көрсетіледі. Сатып алынатын медициналық көмектің шамамен 67 пайызы мемлекет есебінен жүргізіледі. Оған алғашқы және шұғыл медициналық көмек, вакцинациялау, шұғыл стационарлық көмек, әлеуметтік мәні бар және ауыр созылмалы ауруларды емдеу, сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты қызметтер жатады. Сондай-ақ, медициналық процестердің бір бөлігі цифрлық форматқа ауыстырылып, тұрғындарға оңтайлы жағдай жасалуда.
Ата заңда «ҚР азаматтары заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни, мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең атарлған сырқат түрлеріне тегін ем жасалады. Науқастарға тегін дәрі-дәрмек те беріледі. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетіп келеді. Мұның бәрі Қазақстанның әлеуметтік ел екенін растаса керек. 2026 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 1,7 трлн теңге бөлінген.
Исламбек Лаисканов, кардиолог-дәрігер, UMC «Жүрек орталығы» қабылдау бөлімінің меңгерушісі:
- Барлық жоғары деңгейдегі жүрек операцияларын бүкіл қазақстан азаматы тегін ала алады. Жүрек орталығымызда жылына 1800-дей ашық оталар жасалады, 12000-ға жуық интервенционды оталар жасалады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленген жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі. Олардың көп бөлігі шамамен 11 млн адам үшін мемлекет тарапынан төленетін ай сайынғы жарналарға жұмсалады. Жеңілдігі бар 15 санат «сақтандырылған» мәртебесіне ие және оларға МӘМС тізіміне кіретін барлық медициналық қызмет тегін көрсетіледі.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
- Азаматтардың сақтандыру мәртебесі болған жағдайда оған одан да бөлек кең спектрлы көмектер қосылады. Яғни, жоспарлы стационарлы көмек. Егер жедел жағдайдағы станционарлық көмек ол сақтандыру мәртебесіне қарамастан беріледі. жылдың нәтижесінде Қазақстан азаматтары рекордтық көрсеткіш деп санадық оны 90 пайызға жуығы МӘМС жүйесі бойынша сақтандыруға ие. Оның ішінде жұмыскерлер бар, мүгедек бала асыраушылар бар.
Ауыл мелдицинасы да жақсарып келеді. Мәселен, Қарағанды облысының 92 елді мекенінде жаңа медициналық нысандар салынды. Осакаров ауданында бір дәрігерлік амбулатория және төрт медициналық пункт ашылды. Бұл шалғайдағы жұрттың уақытылы ем алуына мүмкіндік туғызып отыр. Ал аудандық аурухана компьютерлік томограф, рентген, ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен және зертханамен жабдықталған. Мұнда 15 бейінді маман қызмет көрсетеді. Стационарда инсульт алған науқастарға арналған стационар ашылды. Бұл пациенттерге алғашқы сағаттарда медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауданнан ауылдарға жылжымалы медициналық кешен қатынайды. Оның құрамында бейінді мамандар мен рентген аппараты бар.
Юлия Бухкамер, Осакаров аудандық ауруханасы директорының орынбасары:
- Биыл бізге жедел жәрдемнің 7 көлігі берілді. Олар да тиісті орындарға бөлінді. Екі көлік бізде қалды: біреуі Молодежный кентінде, біреуі Осакаровкада. Ал бес көлік дәрігерлік амбулаторияларға берілді.
МӘМС жүйесінде цифрлық бақылау күшейіп келеді. Елімізде медициналық қызметтерді QR код арқылы бақылау үшін Qalqan цифрлық платформасы енгізілуде. Ол көрсетілген медициналық қызметтер туралы деректерді талдап, қызметтің көрсетілуін бақылаа, МӘМС қаражатының тиімді жұмсалуына ықпал етпек.
Авторлар: Құралай Жұмахан, Айдос Ентебеков.