Шымкент қаласы қарқынды өсіп келеді. Халық саны артқан сайын әлеуметтік және қалалық инфрақұрылымға түсетін жүктеме де көбейіп отыр. Сондықтан жаңа перинаталдық орталық пен халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағы салынып жатыр. Нысандардың құрылысын жалғастыруға қосымша 33,5 млрд теңге бөлінді. Ақжайық шағынауданындағы перзентхана 200 төсек-орынға арналған. Жылына 7 мыңға жуық адамды қабылдайды. Мұнда акушерлік, гинекология және неонатология бөлімдерімен қатар, күрделі патологиясы бар нәрестелерге арналған неонаталдық хирургия қызметі де бар. Бұдан бөлек, диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеулер жүргізетін база, консультациялық және оңалту бөлімшелері қарастырылған. Ал, әуежайдағы жаңа ұшу-қону жолағының ұзындығы 3,9 мың, ені 75 метр. Құрылыс жұмыстары былтыр күзде басталған.
Өмір Қалыбаев, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары:
- Бұл жобаның негізгі мақсаты – халықаралық стандарттарға сай А категориялы ұшу-қону жолағын салу. Жаңа ұшу-қону жолағы болашақта кез-келген әуе кемелерін қондыруға мүмкіндік береді. Біз жаңа терминалды 2024 жылы іске қостық. Болашақты бұл ел экономикасына оң үлесін беріп, еліміздің дамуына септігін тигізеді деген сенімдеміз.