Алматыда 20 жүкті әйелге фетальдық операция жасалды
Алматыда 20 жүкті әйелге фетальдық операция жасалды. Оның алтауы сәбиін аман-есен өмірге әкелді. Қалған аналардың да отадан кейінгі жағдайы жақсы. Жүктілік мерзімі ойдағыдай өтіп жатыр. Айта кетейік, біздің еліміз үшін фетальдық хирургия - медицинаның жаңа бағыты. Операция шаранаға құрсақ ішінде жасалады. Дәрігерлердің айтуынша, құрсақішілік операция баланың дүниеге аман-сау болып келуіне мүмкіндік береді. Пилоттық жоба былтыр Алматыда басталған.
Елімізде 100 мыңнан аса бала әр түрлі топтағы мүгедек. Көбі туа бітті ауруға шалдыққан. «Бұл дабыл қағатын жағдай»,–дейді дәрігерлер. Мамандардың пікірінше, фетальдық хирургия дәл осы түйіткіл жайттың алдын алады. Іште жатқан баланың жүрегінде немесе бүйрегінде қандай да бір ақау болса оны емдеуге болады. Көбіне мұндай операция егіздер мен үшемге жасалады. Себебі баланың жолдасы арқылы берілетін қоректік заттар, қажетті мөлшерде жетпей жатады.
Мәдина Бижанова, перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы директорының орынбасары:
-Өткен жылдың маусым айында Денсаулық сақтау министрлігі біздің орталықта осы пилоттық жобаны іске қосты. Бұл еліміздегі жаңа бағыт. Сондықтан мамандарымыз Ресейге барып білімін жетілдіріп келді. Айта кетерлігі, операция балаға емес баланың жолдасына жасалады. Яғни шарананы қоректендіретін қан тамырларын қалыпқа келтіріледі.
Операция жасамас бұрын, дәрігерлер консилиум өткізеді. Ультрадыбыстық зерттеу мен басқа да медициналық сараптамаларды қарап, балаға неден қауіп төніп тұрғанын анықтап алады. Фетальдық медицина, яғни ұрық хирургиясы ұрықтың ерте патологиялық жағдайларын түзетуге және емдеуге мүмкіндік беретін инновациялық технологияға негізделген.
Мәдина Апселенова, фетальдық хирург:
-Операция жергілікті анестазиямен жүргізіледі. Алғашында жалпы анестезиямен жасап көргенбіз. Кеңесе келе жергілікті түріне тоқтадық. Бұл аз инвазивті әдіс саналады. Арнайы құрылғыны ішке жіберіп баланың жолдасын, сәбидің өзін, кіндігін түгел көріп отырамыз. Сол арқылы қай тамырдан ақау келіп тұрғанын білеміз. Осы күнге дейін 20-дан аса әйелге құрсақішілік ота жасадық. Бәрінің жағдайы жақсы. Балаларын аман-есен дүниеге әкеліп жатыр.
Қазір фетальдық операцияны Алматыдағы балалар кардиохирургиялық орталығы мен Астана қаласындағы ана мен бала орталығының мамандары жасап жатыр. Енді елімізде жыл сайын құрсақішілік ақауларды түзету бойынша жүргізілетін ота саны 100-ден асады деген жоспар бар.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев