Соңғы 2-3 күнде өткір иіс қаланы басып, тұрғындар шағымданып жатыр. Мамандар жүргізген мониторинг нәтижесінде мұнай өңдеу зауытынан зиянды қалдықтардың ауаға таралғаны анықталған. Енді облыстық Экология департаменті кәсіпорынға кешенді тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.
Қала тұрғындарының айтуынша, жағымсыз иіс таңертең және кешке анық сезіледі. «Соңғы аптада терезе ашудан қалдық», - дейді олар. Ауадағы зиянды заттардың көрсеткіші өскенін тәуелсіз мониторинг жүйесінен білген.
Блиц-сауалнама:
- Соңғы 3 күн турасында Атырауда ауаның сапасы төмендеп кетті. Біз мына атыраулықтар қаланың қақ ортасында тұрамыз. Соны кәдімгідей сездік. Біз көршілермен бірге «Эйркз» бағдарламаны өзімізге, телефонға жүктеп алып, соны улы нәрселердің асып, ұлғайып жатқанын көріп отырамыз.
- Түнде ұйықтай алмаймыз. Түнде де, көрдің бе, түтін, тұман ба, кәдімгі қаптап кетті сағат 2-де. Терезені ашып қарасам, сасық ауа шығып жатыр.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті соңғы бір аптада ауадағы зиянды заттарға мониторинг жүргізген. Нәтижесінде олардың шекті нормадан асқанын анықтады. «Ауаға таралған улы газдардың адам денсаулығына да зияны көп», - дейді мамандар.
Айгүл Ысқақова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- 6-7 қыркүйек түнгі уақыттарда алынған сынамаларды қоса есептегенде, осы аптада 608-дей сынама алынған болатын. Соның 14-інен гигиеналық нормативтен өсу фактісі анықталды. Мына ингредиенттер Атырау қаласындағы адамның тыныс алу ағзаларына әсер ететінін бағаладық. Яғни, ол бронхиалды астма, жедел және созылмалы бронхит ауруларын тудыруы мүмкін.
Экологтар да зиянды қалдықтардың ауаға тарағанын растап отыр. Енді кешенді тексеру жұмыстарын қолға алмақ.
Асқар Жүсіпов, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Осы 31 тамыздан бастап 7 қыркүйекке дейін жел тұрақты түрде оңтүстік-шығыстан, оңтүстік-батыстан соғып тұрды. Ол жерде орналасқан ластаушы ингредиенттерге тиесілі негізгі ластаушы көз – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Тәуелсіз эксперттерді тарта отырып, технологтар, СЭС-тің қызметкерлері, экологтар бар, осындай кешенді тексеріс тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты экологтардың мәлімдемесін жоққа шығарып отыр. Зауыт қызметкерлері 100-ден аса сынама алған. «Онда шығарындылардың шектен асқаны анықталған жоқ», - дейді кәсіпорынның бас экологы Арман Димұқашев.
Арман Димұқашев, «Атырау МӨЗ» ЖШС департамент директоры:
- Қазір зауыт қызметкерлері бұл шығарындылардың Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Қосымша ақпаратты хабарлаймыз. Зауыттағы санитариялық-өндірістік зертханалар да осы күндері ауа құрамын зерттеді. Жалпы, 100-ден астам сынама алынды. Нәтижесінде шекті мөлшерден асу деректері тіркелген жоқ.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Ауаның ластануы кеше-бүгін тіркелген жағдай емес. Бұған дейін қаңтар айында да қаланы жағымсыз иіс басып, тұрғындар дабыл қаққан еді. Экологтар жүргізген тексеріс нәтижесінде зауытқа 520 млн теңге айыппұл салынды. Бірақ зауыт тағылған айыпқа келіспей, сотқа жүгінген. Қазір сот процесі жүріп жатыр.
Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин