Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіне 40 миллион текше метр су жіберілді. Бұл құстардың көптеген түрі мекендейтін ерекше табиғи аймақ. Әсіресе қызғылт қоқиқаздар аталмыш өңірді ұя салатын және балапан шығаратын маңызды мекен ретінде пайдаланады. Табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүргізді. Мұндай шаралар жыл сайын барлық өңірде атқарылады.
Саят Олжабаев, «Қазсушар» РМК өндірістік бөлімше басшысы:
- Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – су теңгерімін сақтау. Табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары кезінде «Қазсушар» мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, судың өтуіне тұрақты мониторинг пен бақылау жүргізеді.