ШҚО-да жол құрылысына жауапты ұйымдарға айыппұл салынды

  • 12
  • 01.09.2026, 19:30

Шығыс Қазақстан облысында жол құрылысына жауапты ұйымдарға 36 млн тг экологиялық айыппұлы салынды. Жол жөндеушілер асфальт-бетон зауыты мен ұсақтау-сұрыптау кешендерін тазарту қондырғыларынсыз пайдаланған. Оның үстіне, мұндай жабдықты орнатуға қажетті экологиялық рұқсаттары да болмаған.

Салдарынан құрылыс шаңы мен қалдықтар ауаға шамадан тыс тараған. Кей нысандарда зиянды шығарындылардың көлемі шекті мөлшерден 40 есеге дейін асқан. Өскемен қаласы, Самар және Катонқарағай аудандарындағы тексеру нәтижесінде бірнеше кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды.

Табиғатты қорғау прокуратурасы мен экология департаменті кәсіпорындарға 3 ай ішінде анықталған заңбұзушылықтарды жоюды міндеттеді.

Фархат Кінасілов, экология департаменті зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы:

- Тексеріс барысында асфальт-бетон зауытының бірінде ауаға тарайтын шаң көлемінің шекті мөлшерден 41 есе, ал екіншісінде 1,6 есе жоғары екені анықталды. Бұл шаң аулағыштар тәрізді жабдықтардың дұрыс жұмыс істемейтінін көрсетеді.