Қарағандыда «ЭкоЖастар: Болашақ біздің қолымызда» семинар-тренингі өтті
Қарағандыда «ЭкоЖастар: Болашақ біздің қолымызда» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырылып, оған жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Басты мақсаты - экологиялық мәдениетті дамыту. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бастау алғалы жастар ресурстық орталығы 100-ден астам іс-шара өткізген. 20 мыңдай белсенді шаһарды қоқыстан тазартып, көгалдандыруға атсалысқан.
Оқыту тренингінде психолог, экотренер, саяхатшы және салауатты өмір салты бойынша коуч мамандар дәріс берді. Жастар қоршаған ортаны қорғау мәдениеті мен бұл бағыттағы іс-шараларды тиімді ұйымдастырудың қыр-сырын меңгерді. Әлия Махмұтова жаз бойы қоқыс жинау, ағаш егу сынды түрлі акцияға қатысқан. Ол бүгін құрбыларымен бірге тренингке келіп, мол мағлұмат алды.
Әлия Махмұтова, Қарағанды «Болашақ» жоғарғы колледжінің студенті:
-Қоршаған ортамыз өзіміздің қолымызда. Әрі қарай қалай дамытатынымыз, қалай таза ұстау қажеттігі барлығы өз қолымызда. Бұл экологиялық шарада біз көптеген нәрселерді үйрендік. Оған осы уақытқа дейін біз көптеген шараға қатысып, атсалысып келе жатырмыз.
Жалпы семинар-тренинг барысында экологиялық сауаттылықты арттыруға негізделген көптеген мәселе қамтылды. Ең бастысы, жастарды - қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға баулу.
Сәбина Жұмажанова, қалалық жастар ресурстық орталығының инспекторы:
-Сенбіліктерді, акцияларды, байқауларды, марафондар және әлеуметтік байқауларды қалай экологиялық тұрғыдан таза, қоршаған ортаны ластамай қалай өткізуге болады, соны үйретті. Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы Таза Қазақстан акциясы басталғалы бері 100-ден астам шара өткізді. Бұл шаралардың барлығы қала жастарының назарын экологиялық проблемаларға аударуда тиімділігін көрсетуде.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы бастау алғалы бері Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қалада 100-ден астам шара өткізілген. Оған 20 мыңдай жас атсалысты. Жаз бойы 650 түп ағаш көшеті отырғызылып, 1500 тоннадан астам қоқыс жиналған.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар