Қазақстан-АҚШ: экономикалық ынтымақтастық

  • 10
  • 06.11.2025, 19:32

Бұл алпауыт ел үшін аймақтың маңызы арта түскенін аңғартады. Ал АҚШ-тың Орталық Азиямен байланысында негізгі серіктес –Қазақстан. Бұған БҰҰ жариялаған сандар дәлел. Былтыр біздің ел Құрама Штаттарға 2 млрд доллардың тауарын тасымалдады. Бұл осы аймақтан Америкаға жіберілген экспорттың 97 проценті. Демек алыс-берісіміз мол. Енді оны қандай салалар еселей алады?

Трамптың әр қадамынан жаңалық күтетін журналистер мен сарапшылар бұл кездесуге көз тігіп отыр. Өйткені Ақ үй басшысы кез келген көк аттыны төріне шығара бермейді. Ал әлемнің алып экономикасы АҚШ-пен алыс-берісті арттыру қай ел үшін де тиімді. Орталық Азия елдері арасында Құрама Штаттар қазақ елін сенімді серіктес көреді. Өйткені Қазақстанның ішкі нарығының кеңдігін жақсы біледі. 

Ариэль Коен, Atlantic Council сарапшысы:

- Қазақстан экономикасы өзге 4 елден озық, даму деңгейі жоғары. Егер жалпы ішкі өнім бойынша салыстырсақ, Қазақстанның көрсеткіші көршілерінен асып түседі. Ел экономикасының құрылымы, заң үстемдігі мен инвестицияға арналған құқықтық тетіктері де дамыған. Сондықтан бұл аймақта Қазақстан – шетелдік инвесторлар үшін ең тартымды әрі сенімді серіктес саналады. 

Халықаралық валюта қорының дерегі бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі – 293 млрд доллар. Яғни Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал бұл инвесторлар үшін маңызды фактордың бірі. Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың орнағанына биыл 30 жылдан асты. Осы аралықта арада дорба емес, жорға жүретін деңгейге жетті.  Елдің ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтырғы сауда-саттық – 4 млрд 200 млн доллар. Қазақстанның Құрама Штаттарға экспорты өткен жылы 30 пайыз артқан. Бұл жолғы басқосу да серіктестікті жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Мұны сарапшылар да растап отыр. 

Ариэль Коен, Atlantic Council сарапшысы:

- АҚШ Қытайдың сирек металдарына тәуелділікті барынша азайтпақ.  Дәл осы жерде Қазақстанның рөлі айрықша. Елдің жер қойнауында Менделеев кестесінің барлық элементі бар. Топырағында да, тау қойнауында да байлық тұнып тұр. Бұл сіздер үшін жаңа мүмкіндік. Қазақстан енді тек мұнай мен уран ғана емес, сирек металдар бойынша басты экспорттаушыға айнала алады.

Келер жылы елордамызда АҚШ-тың Қазақстандағы жаңа елшісі қызметіне кіріседі. Джули Стаффтың алғашқы мәлімдемелерінің бірі Құрама Штаттардың саясатын қай бағытта болатынын аңғартты. Дипломат Қазақстанға америкалық инвесторларды көптеп тартуға ден қоймақ.

Джули Стаффт, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:

- Қазақстан АҚШ үшін тек бизнес серіктес ғана емес, пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық үшін де маңызды. Себебі бұл сауда ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан Ресей мен Қытайдың тура іргесінде орналасқан. Сондықтан мен америкалық компаниялардың Қазақстанда тең мүмкіндікке ие болуына және қазақстандық тараптың серіктес ретінде АҚШ-ты таңдауы үшін бар күшімді саламын. 

Осы уақытқа дейін Құрама Штаттар экономикамызға 100 млрд доллардай инвестиция  құйды. «Вашингтонда өтетін С5+1 форматындағы кездесу Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін», - дейді сарапшылар.