Енді шығарылғанына 10 жылдан асқан темір тұлпарларға 30%, ал 20 жылдан астам жүргендерге 50% дейін жеңілдік беріледі. Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктерге салынатын салық түрі де өзгереді. Келер жылы күшіне енетін құжатта тағы қандай өзгеріс бар?
Көлік салығына қатысты оң өзгеріс болатыны Алданыш Советханұлын қуантып отыр. Себебі келер жылдан бастап темір тұлпары үшін төлем едәуір азаяды. Көліктің зауыттан шыққанына 2026-да 30 жыл болады. Ал жаңа салық кодексінде мұнша уақыт жүргендерге екі есеге дейін жеңілдік қарастырылған.
Алданыш Советханұлы, қала тұрғыны:
-Былтыр 14 500 шамасында төлеп жүр едім. Одан егер азайса, тіптен жақсы ғой. Кішкене бензин, суға болса да ақшаны үнемдейміз ғой. Негізі екі есеге дейін түссе, өте жақсы болып кетер еді. Өйткені қазір енді менікі мысалы, көлемі 2. Ал қалғандары 3, 3,5 бар. Олардікі де кішкене азайып жатса, оларға да кішкене жеңілірек болады.
Салық кодексі жаңа жылдан бастап қолданысқа енеді. Соның ішінде көлігі барлар елеңдеп отыр. Әсіресе, табысын темір тұлпармен тікелей байланыстыратындарда үміт зор. Салық төмендейді. Ал мемлекеттік кірістер комитеті мамандарының мәліметінше, бүгінгі күні елде 5 166 354 көлік бар. Басым бөлігі – жеңіл көлік. Жаңа кодекс бойынша енді 10 жылдан 20 жылға дейінгі темір тұлпар иелері үшін төлем жылдағыдан 30% төмен. Ал 20 жылдан асқан көліктерге 50% жеңілдік қарастырылған. Бұдан бөлек қозғалтқыш көлеміне қатысты салық түрі де өзгереді.
Жандос Төлегенов, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы:
-Бұрын жеңіл автокөліктерге қозғалтқыш көлемі үштен жоғары 2013 жылдан кейін тіркелген немесе шығарылған автокөліктерге үлкен еселенген салық мөлшерінде есептейтін жеке. Қазіргі таңда жаңа салық кодексінде ол үлгі алынып тасталынды. Егер 2013 жылдан кейін тіркелген автокөлік жаңағыдай көлеммен 4 көлеммен автокөліктер 600 мың төлейтін. Сол норма алынып тасталынды. 600 мың емес, қазір барлығы сол 400 мыңмен төлейді.Жаңа көлік салығын жүргізушілер 2027-ден бастап төлейді. Себебі әр жылдың салығы одан кейінгі жылдың сәуіріне дейін жиналады.Жаңа кодекс бойынша жер және мүлік салығына қатысты да біршама өзгеріс қабылданған. Бұл ретте заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін төлем жасау әлдеқайда ыңғайлы болмақ. Дегенмен салығы ұлғайған салалар да жоқ емес. Оның ішінде сарапшылар: пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлері мен пайдалы қазбаларды өндіру учаскелері үшін төлем өсетінін айтады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қайрат Ақтөреев