Демек, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны өңдеу және экспорттау көлемі артып келеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Биыл да шикізатты терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс орындары іске қосылды. Саладағы өсім нақты қандай жобалардан көрініс тапты?
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ
Жақында ғана Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін заманауи зауыт іске қосылды. Ол Шу ауданының арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Мұнда аминқышқылдары, крахмал және глюкоза шығарылады. Өндіріс қалдықсыз тәсілмен жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 500 мың тоннаға дейін шикізатты өңдей алады, ал толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі бірнеше есеге артады. Сол кезде бір жарым мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.
Сюй Цзин Джау, компания директорының орынбасары:
-Бұл жүгері өңдеу зауыты – Халықаралық даму стратегиясы аясында іске асырылған алғашқы кәсіпорын. Құрылыс үшін қолайлы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты Шу ауданы таңдалды. Біз сондай-ақ барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды қарастырдық.
Айта кетейік, Жамбыл облысының инвестициялық портфелінде сомасы 5 триллионнан асатын 116 серпінді жоба бар. Биылғы жылы 47 жобаны іске асыру және бұрын елде өндірілмеген өнімді шығаратын кәсіпорындарды іске қосу жоспарлануда.
ҚАЙТА ӨҢДЕУ САЛАСЫНДА ӨСІМ БАР
Ақмола облысында қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында өсім бар. Жыл басынан бері 251 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Көкшетаудағы мына зауыт тәулігіне тонна сүтті өңдейді. Зауытта дәмі тіл үйіретін 10 астам өнім шығарылады.
Арман Болатов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл облыс бойынша 28 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Жобалардың жалпы құны 38 млрд. теңгеден асады. Қазір соның бірқатары іске қосылды. Айталық, басты басымдық ет және сүт өндірісіне беріліп отыр.
Қазір өңірде өңдеумен айналысатын 70-тен астам кәсіпорын бар. Олардың қатары жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, былтыр аймақта жалпы құны 15 млрд.теңге болатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тапты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында да өсім бар. Азық-түлік өндірісінің көлемі 1,7 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейін артса, сусын өндірісі 398 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге жетті.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы аймақтағы тілшілердің қолдауымен