Қазақстандық қор биржасында 1 доллар 396 теңгеге бағаланды
Қазақстандық қор биржасының соңғы саудасында 1 АҚШ валютасы 396 теңге 77 тиынға бағаланды. Наурыз айында ғана бір доллардың құны 500 теңгеге дейін жетіп қала жаздаған еді. Енді көпшілік болжам жасағандай аспандап кетпей, керсінше арзандап келеді. Мұның себебі неде?
Сарапшылар бұған әсер еткен бірнеше факторды атап отыр. Көп елде карантин режимі жеңілдетілді. Коронавирусқа қарсы вакцинаның сыналуы да сәтті нәтиже беруде. Тиісінше бұл әлемдегі экономикалық белсенділіктің өсуіне, энергетикалық шикізатқа сұраныстың артуына әкелді. Доллардың әлсіреуіне әсер етуші ішкі фактор ретінде елімізде салық төлеу аптасының жүргізілуін атауға болады. Яғни осы аралықта ірі компаниялар көк қағаздарын теңгеге ауыстырды. Ал өзге елмен шекара жабық. Сәйкесінше туристер тарапынан АҚШ валютасына сұраныс жоқ. Төл ақшамыздың тағдырына қатысты өз жорамалдарымен бөліскен сарапшылар: «Теңгенің бағамы осы айдың бірінші жартысында тұрақты болады», – дейді.
Алайда: «Пандемияның екінші толқыны, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, Ресей мен Сауд Арабиясының мұнай өндіруге қатысты кикілжіңдері, төл ақшамызға кері әсерін тигізуі мүмкін», – дейді. Байқасаңыз, теңгенің бағамыөзгелер ойлағандай Ұлттық банктің жеке шешіміне байланысты емес. Сыртқы және ішкі, яғни объективті факторлардың әсерінен өзгеріп отырады.