Түркістан облысының Отырар ауданында құны 1 млрд теңгеден асатын канал құрылысы жүруде
Жаңадан салынып жатқан канал секундына 5 текше метр су өткізуге қауқарлы. Ал ұзындығы 11 шақырым болады. Бұл өңірдегі ағынсу мәселесін шешуге сеп болмақ.
Ақтөбе ауылында 5 мың гектарға жуық суғармалы жер бар. Алайда ағынсудың тапшылығынан ауыл тұрғындары оның 3 мың гектарын ғана пайдаланып отыр. Көбіне диқандар қауыз-қарбыз бен жүгері және бидай егеді. Биыл жазда көптеген шаруа құрғақшылыққа тап болып, егіс алқабы қурап кете жаздады. Жылдар бойы пайдаланып келген арықтар әбден тозған. Іші қоқысқа толып, бітеліп қалған. Соның салдарынан етектегі алқаптарға су жетпейді. Осы мәселені шешу үшін биыл облыстық бюджеттен 1 млрд-тан теңгеден астам қаржы бөлініп, оған ұзындығы 11 шақырым болатын канал салынуда.
Исахан Тайгелді, Ақтөбе ауылының әкімі:
-Су бөлу жоспарына сәйкес Бөген су қоймасынан бізге әр гектарға тиесілі су бөлінеді. Бірақ біз оның жартысына жуығын ала алмай келдік. Соның есебінен ағынсу тапшылығы болды. Бұл канал арқылы жаңадан 1100 гектар егістік жер игеріледі. Яғни ол 110 адамды жұмыспен қамтиды. Сонымен қатар алынатын өнім көбейеді. Каналдың қуаттылығы секундына 5 шекше метр, яғни 5 мың гектар жерді суғаруға жетеді. Қазір құрылыстың 4-ші шақырымы жүруде. Келесі жылы диқандарға пайдалануға береміз.
Биыл негізгі табыс көзі тікелей ауыл шаруашылығымен байланысты болатын аудандағы Талапты, Қоғам және Қарғалы ауылдарының диқандары да ағынсудың азабын көрді. Бұл мәселені біз бірнеше рет көтеріп, шаруалардың жанайқайын жеткізген болатынбыз.
Марат Жүнісбек, диқан:
-Міне, мына қауын қияр боп қалды. Әлі де үмітіміз бар. Осы 3-4 күннің ішінде су берсе, мынаны жұлып алып тастаймыз, екінші түйнекке үміт артамыз, су келсе онда да. Су келмесе, білмеймін.
Осыдан кейін Қазсушар мекемесінің мамандары арнайы комиссия құрып, мәселені зерттеді. Нәтижесінде Қараспан су қоймасынан қосымша су бөлдірді. Осылайша қурап кетудің аз-ақ алдында тұрған егіс алқаптарына қайта жан бітті. Алайда диқандарды «Келесі жылы осы жағдай тағы да қайталана ма?» деген сұрақ мазалайды.
Батырбек Сыздықов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Биылғы жылы Қазсушар мекемесі Алтынбеков каналының бас жағында бетонмен қапталмаған 9 шақырым бөлігін күрделі жөндеуден өткізді. Яғни тазалаудан өтті. Сонымен қатар 1976 жылы салынған Арыс өзенінен Алтынбеков каналына қосымша су айдайтын Қызылту насос станциясы ескіріп, жарамсызданған. Соған жобалық сметалық құжат жасалды. Жобалық құны – 527 млн теңге. Сол жоба биыл іске қосылады. Келесі жылы шаруалар егіс егіп, өз өнімін алады деген жоспарымыз бар.
Жалпы Түркістан облысында 87 магистралдық және 1800-ге жуық шаруашылық канал бар. Мамандардың айтуынша, олардың көбі жөндеуді қажет етеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы