«Аstana Motors» компаниясы өндірісті кеңейтуге инвестиция құяды
Алматыдағы Hyundai Trans Auto зауытының аумағында жаңа цехтардың ғимараттары үшін қалыптарды құю жұмыстары басталды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында құрылыстың басталуымен танысты.
Жақын арада мұнда коммерциялық жүк техникасын ұсақ түйінді құрастыру басталады. Елімізде өндірілетін Hyundai автомобильдерінің желісін айтарлықтай кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар компанияда қосымша жұмыс орындары ашылады.
«Аstana Motors» ұсақ түйінді құрастыру әдісімен шығарылатын модельдер қатарын кеңейтеді. Жақын уақытта Hyundai Trans Auto зауытының аумағында бірнеше жаңа өндірістік үй-жай салынады. Бұл – кабиналарды дәнекерлеу, бояу және Hyundai аз тонналы автомобильдерін құрастыру цехтары. Жыл соңына дейін Оңтүстік кореялық Hyundai Motor Company концернімен келісім аясында қазақстандық еншілес кәсіпорын жүк көліктерінің үш жаңа моделін, ұсақ түйінді өндіру желісін іске қосады.
Әділбек Гаев, Hyundai коммерциялық техника дистрибьюциясының директоры:
- Жүк автокөліктерінен орташа тонналы техника сегментінде жаңа модель шығарылады. Бұл – жүк көтергіштігі 3.5 тонна болатын EX-6, жүк көтергіштігі 4.5 тонна EX-8, сондай-ақ жүк көтергіштігі 6 тонна EX-9 моделі.
Осы автомобильдердің шассиінде коммерциялық жүк техникасының бірнеше түрін шығаруға болады. Фургондар мен борттық платформалардың әртүрлі модификациясы, коммуналдық техника, мысалы, суару және қар жинау машиналары жасалады. Барлық автомобиль экологиялық стандарттарға сай. Қауіпсіздігімен және жайлылығымен ерекшеленеді.
Вячеслав Вяткин, Hyundai Trans Auto зауытының директоры:
- Бүгінгі күні бізде 238 механик жұмыс істейді. Құрылыс аяқталған соң біздің ұжым 100 адамға ұлғайып, 300-350 адам қызмет етпек.
Бұл жобаға 4 миллиард 130 миллион теңге инвестиция салынды. «Аstana Motors» компаниясында өндірісті кеңейту нәтижесінде қазақстандық қамту үлесі артады. ТМД елдеріне автомобиль экспорты өседі. Айта кету керек, былтыр пандемияға қарамастан, Алматыдағы зауыт сегіз жүзден астам автомобиль шығарды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев