Қазақстандық нарықта кондитерлік өнімнің импорттық үлесі артып барады
Бірақ оның қаншасы өзіміздікі, қаншасы өзгенікі екенін дөп басып айту қиын. Осыған дейін сырттан келген кондитерлік өнімдердің үлесі 50% болса, Қазақстан кондитерлері қауымдастығы: «Тағы 7% жоғалттық», - деп жыларман болып отыр. Ал негізгі импортшылар Ресей мен украиналық өндірушілер болып тұр. Отандық кондитерлердің оларды ығыстыруға құлығы болса да, құзыры жоқ.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Өткен жылы Қазақстанға 400 млн доллардың 200 мың тонна кондитерлік өнімі сырттан келген. Импорттың үлесі 57% жетті. Тұтынушылардың өзі отандық өнімді дүкен сөрелерінен іздеп жүріп, әрең табатынын айтады.
Қазақстан жылына шамамен 250 мың тонна тәтті тұтынады. Былтыр соның 200 мыңы сырттан келген. Нақтыласақ, 170 мың тоннасы – Ресейдің өнімі, 20 мыңы – украиндық тәттілер, қалған 10% өзге елдерге тиесілі.
Әлихан Талғатбек, Қазақстан кондитерлер қауымдастығының директоры:
- Қазақстан нарығында кондитерлік өнімдердің импорты жыл санап күшейіп барады. Өткен жылы отандық кондитерлер нарықтың тағы 7% жоғалтты. Осы жылдың қаңтар, ақпан айларындағы көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Әрине, мұның себебі көп. Біріншіден, бізге Ресей мен Укринадан келетін өнімдерге ешқандай салық салынбайды.
Ресейге салық салынбайтын себебі – Кедендік Одақтамыз, яғни нарық ортақ. Ал Украинаның біздің елмен еркін сауда туралы келісімі бар. Дегенмен дәл осы украиндық өндірушілерді қазақстандық тарап демпинг жасайды деп айыптайды. Яғни олар өз өнімдерін біздің тұтынушыларға тым төмен бағамен ұсынып отыр.
Әлихан Талғатбек, Қазақстан кондитерлер қауымдастығының директоры:
- Біз бірнеше рет құзырлы органдарға, Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясына да бұл мәселені айттық. Қазақстанда укриндық өнімдер сол бағамен сатылып жатыр. Сонда көлік тасымал шығыны, кедендік шығындар қайда? Олар неге бұлай жасайды? Себебі олар нарықты жаулап алғысы келеді. Ал бұл процесс отандық өндірушілер үшін өте қауіпті. Олар бағаны ұстап тұру үшін барын салады, дамымайды, жаңармайды.
Демпинг мәселесін шешуге тіпті біздің Үкімет те қауқарсыз. Себебі бұл сұрақ Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясының құзырына берілген.
Дархан Бейсенбай, ҚР Сауда және интеграция министрлігі департамент директорының орынбасары:
- Украиналық өндірушілер демпинг жасап отыр ма, жоқ па оны анықтау үшін әуелі арнайы тергеу-зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімнің сегізінші қосымшасында көрсетілген. Ол үшін экономикалық одақ атынан кондитер өндірушілердің 25% қол қойып, арнайы шағымдануы тиіс.
Қазақстандық кондитер өндірушілері одақ нарығының 25% қамти алмайтыны айтпаса да түсінікті. Ал ресейлік өндірушілер қазақстандық әріптестерін демпингтен құтқаруға аса құлықты емес. Себебі «басы ауырмастың балтыры сыздамайды». Негізінен ішкі нарықты өз тәттімізбен толық қамтуға әлеует жеткілікті. Елімізде төрт кондитерлік ірі кәсіпорын мен көптеген шағын фабрика жетерлік. Бірақ біздің өнімнің өзіндік құны қымбатқа түседі. Мәселен, өткен жылы кондитерлік өнімдер 8% қымбаттаған.
Тимур Садықов, Кондитерлік компанияның басқарма төрағасы:
- Қант өткен жылы бірден 100% қымбаттады. Басқа шикізат түрлерінің де бағасы өсті. Өнімді орау, таңбалау бар, майлардың да бағасы артты. Сондықтан бағаны көтеруге мәжбүрміз. Ал тұтынушылар бұл бағамен келіспейді.
Импорт көлемін азайту үшін не істеу қажет? Кондитерлер қауымдастығының ұзақ жылдар бойы айтып келе жатқан ұсынысы әзір. Ол – қорғау баждарын енгізу.
Әлихан Талғатбек, Қазақстан кондитерлері қауымдастығының директоры:
- Біз антидепинг мәселесін сонау 2007 жылдан бері айтып келеміз. Үкіметтен түрлі бажды енгізуді сұраймыз. 2007 жылы осындай шараны украиндық өндірушілер үшін енгізген болатын, сол уақытта отандық өнімнің өсімі 73% жеткен еді. Кейін Кедендік Одақ құрылды. Ресей Укрина нарығын жауып тастады. Бұрын біздің елге келетін импорт құрылымының 80%-і Украина, 15%-і Ресей болса, енді керісінше».
Кез келген салада импорт күшейсе, даму тежеледі. Ресей кондитерлік өнімдердің тек 5% сырттан тасымалдайды, Еуропа елдерінде де импорт осы шамада, ал көрші Өзбекстанда 7%. Осы қатарда Қазақстандағы импорттың 57%-і тым қорқынышты естіледі. Бірақ мұндай көрсеткіштен кондитерлерден өзге үркіп отырған ешкімді көрмедік.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Аян Сәрсенбаев, Ұлан Нарынбек, Мағауия Қалиев