ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені өсірді
«Сондықтан базалық мөлшерлемені өсіру – ең дұрыс шешім болды», – дейді Ұлттық банк өкілдері. 2022 жылы инфляцияны 4-6% мақсатты дәлізге дейін төмендету көзделіп отыр. Инфляцияның өсуіне біріншіден, жанар-жағар май, электр қуаты және жекелеген азық-түлік тауарларының едәуір қымбаттауы әсер етті. «Тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі инфляцияның шарықтауына ықпал етті», – дейді мамандар. Тіпті инфляцияның серпіні сарапшылардың болжамынан да асып түскен.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Мұның себебі – жекелеген ішкі азық-түлік нарықтарындағы теңгерімсіздікте болып тұр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі де, өкінішке қарай, біздің күткенімізден асып түсті. Дағдарысқа қарсы бағдарламаларды іске асыруға байланысты белсенді түрде қалпына келіп жатқан тұтынушылық сұраныс жоғары инфляциялық үрдісті арттырды. Осы жылдың 5 айында тұтыну импортының 30% өсуі ковидке дейінгі 2019 жылғы деңгейден асты.
Ұлттық Банк инфляциялық қысымды төмендету үшін базалық мөлшерлемені көтерді. Бұл шешім макрокөрсеткіштердің болжамдарын да ескере отырып қабылданды. Нақты инфляцияның қалай қалыптасатыны Ұлттық банктің үнемі бақылауында.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
- Ұлттық Банктің негізгі міндеті – елдегі баға тұрақтылығын сақтау. Біздің басты құралымыз – бұл базалық мөлшерлеме. Оны көтеру – маусым айында 7,9% рекордтық көрсеткішке жеткен қазіргі инфляцияның қарқын алуына орай қабылданған қисынды жауап болды дер едім. Инфляцияны 2022 жылы 4-6% мақсатты диапазонға дейін төмендету қажеттілігі болды.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім жылына 8 рет қабылданады. Бұл инфляцияның ішкі және сыртқы факторларының өзгеруіне үнемі ден қоюға мүмкіндік береді.
Авторы: Гүлжан Көленқызы